Түркістанда корейлік «WOOSONG» университеті ашылмақ

Dalanews 27 июн. 2024 07:37 1592

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Оңтүстік Кореяның «Вусонг» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сун Кюнмен кездесті. Қос тарап әріптестікті нығайту жолдарын талқылап, Түркістан қаласында Оңтүстік Кореяның «Woosong» университетінің филиалын ашу бойынша келісімге қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіз. Қазақта «Бір көрген – біліс, Екі көрген – таныс» деген сөз бар. Өзіңізбен бірнеше рет жүздесіп, жақын адамға айналдық десек болады. Тарихы мен мәдени мұрасы мол ежелгі қала Түркістан қарқынды дамып, заманауи білім беру және мәдени орталыққа айналуда. Шаһарымызда «Вусонг» университетінің филиалын ашу осы жолдағы маңызды кезең екені даусыз және мұның мультипликативті әсері зор болатыны анық. Сіздің тәжірибеңіз бен біліміңіз Түркістан облысындағы білім беру жүйесін дамытуға баға жетпес үлес қосарына сенімдіміз. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады. Сауапты жобаны бастайын деп отырмыз. Бұл оқу орны Түркістан облысы мен Қазақстанның жастарына мүмкіндіке береді. Жастарымыз оқып, әлемде өздерін танытып жатса, бізге де абырой. Жуырда Корея Президентімен кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осы оқу орнын ашу бастамасына арнайы тоқталып, қолдау көрсетті. Бүгінгі осы жобамыздың келісіміне қол қою рәсімі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Келісімнің арқасында бірлесе отырып, көптеген жаңа жобаларды жүзеге асырып, білім беру саласында маңызды жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенемін. Біз осы маңызды жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау мен көмек көрсетуге дайынбыз. Өйткені, жобаның жүзеге асуына ең алдымен өзіміз мүдделіміз, – деді Дархан Сатыбалды.«Вусонг» білім беру қорының құрметті төрағасы Ким Сун Кюн өңір басшысына алғысын жеткізді.

– Тарих пен мәдениеттің орталығы – Түркістанға келгеніме қуаныштымын. Біздің оқу орнын ашу бағытындағы келісіміміз жұмысты жеделдетеді. Сәуір айында Оңтүстік Кореяға арнайы келіп, оқу орнын ашу мәселесі бойынша келіссөз жүргізгеніңізді білеміз. Осы қысқа ғана уақытта көп жұмыс атқарып үлгергеніңізді көріп тұрмын. «Вусонг» университетінің 70 жылдық тарихы бар. 30 жылдан бері шетелдің студенттерін де қабылдап, білім беруде. Біз өз тарапымыздан Түркістандағы университетті Орталық Азиядағы көшбасшы оқу орындарының біріне айналдыруға бар күшімізді саламыз. Студенттеріміздің бәсекеге қабілетті, білімді болуына барлық жағдайды жасаймыз. Жобамыз сәтті жүзеге аса берсін! – деді ол.

Кездесуде екіжақты байланысты нығайту, жұмыс жоспарын реттеу, университетті ашу бағытындағы мәселелер жан-жақты талқыланды. Қос тарап бұл жоба бойынша тұрақты түрде ақылдасып тұруға уағдаласты.


Рекомендовать
Последние новости