Түркістанда Алаш зиялыларының отаншылдық рухын ұлықталған мәдени шара өтті

Жарбол Кентұлы 13 сент. 2024 07:03 1848

Биыл Алаш қайраткерлері Сұлтанбек Қожановтың туғанына 130 жыл, Нәзір Төреқұловтың туғанына 132 жыл, Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай, Түркістанда «Алаш ардақтылары» атты тарихи-мәдени шара өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алаш зиялылары ұлықталған шарада тарих ғылымдарының кандидаты, қаланың құрметті азаматы Баян Садыққызы сөз алып, тарихи тұлғалардың өмір-дерегінен сыр шертті. «Құрмет» орденінің иегері, Нәзір Төреқұлов музейі филиалының меңгерушісі Омар Абдуллаұлы қайраткерлердің ел үшін жасаған ерліктеріне тоқталды.

Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Серсенбаев ХХ ғасырдың  шежіресінде Түркістан өлкесі –  Алаш атын аспандатқан тұлғаларымен, төл перзенттерімен әйгілі екенін мақтанышпен жеткізді.

Қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары Алаш арыстарын сомдап, тарихтан сыр шертетін әсерлі қойылым ұсынды. Өнерпаздар патриоттық әндер шырқап, жыр шумақтарын оқыды.

Еліміздің тәуелсіздігіне халқымыздың рухани дүниесіне қызмет еткен Алаш арыстарының тарихтағы орны биік екені сөзсіз. Бүгінгі Нәзір Төреқұлов, Нұртас Оңдасынов, Сұлтанбек Қожановқа арналған рухани кештен жастар тұшымды әңгіме тыңдап, тың мағлұмат алды.


Рекомендовать
Последние новости