Түркістан: Қоғамдық кеңестің құрамы толықтырылып, жаңа төраға сайланды

Dalanews 26 мар. 2022 05:12 944

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалында партия жанындағы «Miras» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысы өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиынды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары, қоғамдық кеңес төрағасы Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде кеңес мүшелерінің жаңа құрамын таныстыру, 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту, Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың мақаласы, сұқбаты мен халыққа Жолдауын талқылау мәселелері қаралып, Сайлауалды бағдарламадағы индикаторлардың орындалуы баяндалды.

Бұған дейін аталған кеңестің төрағасы болған жазушы Мархабат Байғұт кеңес жұмысында бірқатар нәтижелі жұмыстарды атқарды.

Енді Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып Қ.Жантөреева сайланды. Ол кеңес мүшелерін мәселелерді ашық талқылауға, айтылған ұсыныстарды тиісті деңгейде қарауға және қоғам мүддесі жолында қызмет етуге шақырды.  Мәжілісте Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы таныстырылып, туризм, мәдениет, білім және БАҚ саласының белсенді өкілдерімен толықты.

Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында айтылған тұжырымдамаға байланысты міндеттерді орындау туралы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, кеңес мүшесі Бекжігіт Сердәлі хабарлама жасап, пікірін білдірді.

– Мақаланың жарық көргеніне бір жылдай уақыт өткенімен, ондағы мәселелер әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Президент елдің пікірімен санасып, проблемалардан хабардар екенін білдірген күйде жазған. Мақалада айтылған мәселелер мен қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» идеясы пайда болды. Мақаланың «Бағдар мен белес» бөлімінде елдің индустриялық, инновациялық даму жолына көңіл бөлуді айтып, әлеуметтік жағдайды қозғады, – деді кеңес мүшесі.


Мәжілісте Мемлекет басшысының сұқбаты мен халыққа арнаған Жолдауы, партияның кезектен тыс ХХІ съезіндегі шешімдерге байланысты сүбелі ойлар мен ұсыныстар айтылды.

Күн тәрітібіндегі соңғы мәселеге байланысты Түркістан облыстық мәдениет басқарма басшысының орынбасары А.Темірханның баяндамасы тыңдалды. Партияның облыс бойынша Сайлауалды бағдарламасының мәдениет саласына қатысты бөлімінде 2021 жылы 75 индикатор орындалған. Іс-шаралар мемлекеттік тілдің танымалдығы мен қолданылу аясын кеңейту мақсатында өткізілген. Сондай-ақ, мәдени нысандардың құрылысын аяқтау, тарихи орындарды қалпына келтіру шаралары да нәтижелі іске асты.

Ал, қасиетті және маңызды орындар бойынша өлкетану экспедициялары аясында былтыр 10 экспедициялық сапар жасалып, 85 нысанда ғылыми зерттеулер мен археологиялық жұмыстар жүргізілген. 2022 жылы да аталған шаралар жалғасын таппақ.

Қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Жантөреева кеңес жұмысын жандандыруға қатысты ұсыныстардың қабылданғанын айтып, кеңес отырысын қорытындылады.

Рекомендовать
Последние новости