Түркістан өз дамуының жаңа тарауын бастады

Dalanews 09 окт. 2018 12:13 777

Шымкент елдің индустриялық орталығына айналуы тиіс

 

Президенттің бірер жыл бұрын өңірлерге жасаған сапарында жергілікті атқарушы билікке қарата айтқан бір ауыз сөзі арада бірер жыл салып орындалып жатыр. Өз кезегінде Мемлекет басшысы ғылым мен білімнің, технологияның алға ілгерілеуінде әлем тарихында халық көптеп шоғырланған мегаполистердің маңызы зор екенін алға тартқан еді.

Дүниежүзілік «Давос» форумының ресми сайтының жазған сараптамасында да 2050 жылға қарай әлемде ауыл халқы азайып, қалалық жұрттың жалпы жер шарының тұрғындарының 90 пайызын құрайтыны туралы дерек келтірілген болаын. «Давос» сарапшылары да бұл үрдістің түп-төркінін технологияның дамуымен байланыстырады.

Әрине, бұл жердегі әңгіме 5-10 миллион тұрғындары бар шаһарлар жайлы. Дегенмен, Қазақстанның халық саны мен географиялық жағдайы секілді өзіндік ерекшеліктерін ескерсек, миллион халқы бар қалалар да елдің технологиялық орталығына айнала алатынына көз жеткіземіз. Оған мысал Астана мен Алматы. Алматы әу бастан республикадағы кәсіпкерлердің қаласы болса, Астана соңғы бірер жылда елдің ғана емес, жалпы Орта Азияның технологиялық хабына айналып келеді.

Шымкентке республикалық маңызы бар қала деген мәртебенің берілуі республиканың халық саны ең көп шоғырланған оңтүстік өңірінің өзінше дамуына ықпал етуі ғажап емес. Бұрынғы облыс орталығы деген міндетінен «құтылған» Шымкент енді еркін даму жолына түсу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Қаланы түлету үшін атқарылатын жұмыс енді басталмақ. Оңтүстік өңірдің еңбек нарығы мен ондағы халықтың кәсіп ерекшеліктерін ескеріп, Шымкентті Қазақстанның индустриялық орталығына айналдыруға болады.

Жалпы, жекелеген қалалардың бір ғана саланы терең дамытып, сонымен елдің экономикасын көтерген мысалдары әлемде баршылық. Мәселен, Қытайдың оңтүстігіндегі Гуанджоу қаласы барша әлемнің тұтынатын электроникасын шығаратын бірден бір индустриялық орталық. Сол секілді АҚШ-тың Детройды мен Оңтүстік Кореяның Кэсон қалалары мемлекеттің тұтас бір өндірсін алға сүйреп келеді.

Осы орайда, оңтүстіктегі жұмыссыздық деңгейінің салыстырмалы түрде жоғарылығы мен орташа жалақы көлемінің республикалық деңгейден төмендігі кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндік екені рас.

Өз басым Шымкент шаһары да бірер жылда кәсіпкерлік пен өндіріс орталығына айналып жатса, өңір үшін арнайы Үкіметтік бағдарламаларға қажеттілік туындайтыны анық.

Бауыржан МҰҚАНОВ, экономикалық шолушы

 

Ірі қалалар дағдарысқа төтеп береді

Қазақстан өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан бізге дәл осындай өте маңызды шешімдер қажет. Әлемдік экономика тарихына назар салсақ, елдің әл-ауқатын көтеретін осы ірі қалалар. Бұл шаһарлардың басты ерекшелігі – әкімшілік-құрылымдық орталықтан тыс болуы тиіс. Себебі мегаполистер өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, республика бюджетіне донор бола алады.

Мысалы, өткен 90-жылдары ел көлеміндегі барлық қалалар, яғни әкімшілік орталықтары нарық желіне шайқалып, дағдарысқа ұшыраған тұста, Алматы былқ еткен жоқ. Себебі бұл қаланың донорлық мүмкіндігі болды, яки өзін-өзі асырай алды.

Осындай мегаполистер қатарына соңғы жылдары Астана және Шымкент қаласы енді. Осы орайда, бүгінгі қабылданған шешімі арқылы Елбасы болашақта донорлық мүмкіндікке ие тағы бір құрылымды жасай алды. Одан кейін бұл шешімнің мен үшін рухани маңызы – жаңа аймақтың Түркістан облысы деп аталуы және оның орталығы қазақтың күллі ұлыларына мәңгілік мекен болған Түркістан қаласының таңдалуы.

Елбасымыз жаңа облысты «Түркістан» деп атау арқылы аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Өйткені «Түркістан» ұғымы күллі түркі дүниесіне ортақ рухани һәм қастерлі есім. Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейін бұл қаланы халқымыздың рухани астанасы деп үнемі айтатын Тіпті сонау 90-жылдардың басында Түркістан шаһарын жеке мәртебесі бар орталыққа айналыру жөнінде де пікір өрбіген-тін.

Бұл орайда Мемлекет басшысы ұзақ ойланып, әбден иі қанып, пісіп-жетілген сәтті қалт жібермей шешім қабылдады. Өйткені көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған бұл шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі үшін аса маңызы бар. Расын айтқанда, біздің рухани қайнарымыз – Түркістан. Егер бұл мекен қадірлі-қасиетті болмаса ұлтымыздың ұлылары Есім хан, Абылай ханнан бастап, бұл жерді өздеріне мәңгілік мекені ретінде таңдамас еді. Бұл бір.

Екіншіден, аталмыш шешімнің экономикалық та қажеттілігі бар. Түркістан өлкесі жылы райлы, адамдар өмір сүруге қолайлы. Сол себепті, онда орта және шағын бизнесті дамыту арқылы елдің әл-ауқатын жақсартуға болады. Әрі қарай сабақтай айтсам, экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы жақсарады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үш жақты пайдасы бар шешім.

Ендігі бір мәселе – болашақта бой көтеруі тиіс жаңа қала нағыз қазақы стандартын сақтаған мазмұн, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңғыртылса деген ниет бар.

Ғарифолла ЕСІМ, академик

 

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы

Шымкент қаласына республикалық маңыз берілгені өңірдегі кәсіпкерлер үшін оң өзгеріс болғалы тұр. Оған жергілікті билікте қазірден бастап қолға алынып жатқан жаңалықтарды алға тартуға болады.

Біріншіден, бұрын екі жарым миллион халқы бар Түркістан облысының халқы бір ғана Шымкенттегі облыстық әкімдікке қарап отыратын. Қазір енді Шымкент шаһарындағы бір миллион халықтың кіріс-шығысы мен Түркістан бастаған өңірдегі өзге де ірілі-ұсақты елді мекендердің халқының бюджеті бөлек есептеліп, бюджетті басқару жұмыстары жергілікті билік үшін оңтайландырылғаны анық.

Кейбіреулер әлемнің алпауыт қалаларындағы 10-15 миллион халықтың бір ғана әкімдік айналасып басқаратынын алға тартып, айналдырған екі жарым миллион халықты «екіге бөлудің» қисыны жоқтығын алға тартады. Дегенмен, әлгіндей ірі қалаларда қалалық әкімдіктен бөлек сол қаланың аудандық әкімдіктерінің өзіндік тәуелсіз бюджеттері бар екенін көпшілігі ескермейді. Сондықтан, жергілікті басқару органдарының қызмет ететін халық санының барынша шағын болғаны мемлекеттік басқаруды барынша оңтайлы және тиімді екені түсінікті.

Екіншіден, мен өзім туризм саласында кішігірім кәсіп жүргізіп отырған азамат ретінде басқа емес, облыс орталығының Түркістанға көшкеніне қуанғанымды жасырмаймын. Өйткені, бұрындағы Шымкенттің «көлеңкесінде қалып келген» Түркістанның енді тікелей Астананың бақылауында, яғни республикалық бюджеттен жіберілген қаржы мен өңірден түскен кіріске тікелей ие болуы ең алдымен облыс орталығы ретінде осы Түркістанның еркін дамуына серпін бермек.

Жасыратыны жоқ, облыс әкімдіктері бюджеттің қаймағын облыс орталығына қалдырып, көп жағдайда өңірлердегі әлеуетті шаһарлар назардан тыс қалып жатады. Мемлекеттік арнайы бағдарламалар мен әлгіндей «бюджет тәуелсіздігі» Қазақстанның он төрт облыс орталығы мен республикалық маңызы бар үш шаһардан басқа да қалалардың дамуына ықпал етер еді.

Түркістанның түркі әлемінің қара шаңырағы екенін Моңғолиядан бастап Түркияға дейінгі туысқан елдер түгелімен мойындайды. Бұрындары да Қазақстанның ұйымдастырған халықаралық деңгейдегі мәдени шаралардың бірқатары Түркістанда өткені белгілі. Енді қаланың жаңа статусын ескере отырып, Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ретінде мықтап бекітетін шаралар тұрақты ұйымдастырылса, жаңа облыс орталығының тек өңірге ғана емес, жалпы республикада туризмді дамытуға өлшеусіз қосқан үлесі болар еді.

Сағадат МҰХАМБЕТОВ, кәсіпкер

 

Шымкенттің бағы артып, дәулеті тасиды

 

Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру және аймақты Түркістан облысы деп атау өте тамаша әрі дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын.

Жалпы, облыстың атауын Түркістан деп ауыстырып, облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру жөніндегі Елбасы Жарлығын зор қуанышпен қарсы алдық. Жарлыққа қол қойып жатып, Н.Назарбаев: «облыстағы өнеркәсіп өндірісінің 60 пайызы Шымкентте шоғырланған. Шаһар еліміздегі жетекші сауда-өнеркәсіп және мәдениет ошақтарының бірі болып саналатынын білеміз. Қаланың осындай мүмкіндіктерін ескеріп, оған республикалық мәртебе беру жөнінде шешім қабылдадым» деді.

Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес. Бұл – одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім.

Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Дегенмен, бұл жаңалық тек осы оймен, сыртқы форма үшін жасалды деп ойламаймын. Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуға тиіс. Оған мүмкіндігі, әлеуеті жеткілікті.

Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз.

Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түседі. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Орталықтан қашықтай түскені сәл қиындық туғызғанымен, оған да біртіндеп бейімделіп кетеді.

Оңтүстіктің қай аймағын алсақ та берекелі жер. Халқы еңбекқор. Дихан жұрт. Қазақстан халқының 20 пайызға жуығы осы өңірде тұрады. Дегенмен Түркістанның орны ерекше. Түркістанның облыс орталығы болуы рухани жаңғыру ғана емес, тарихи әділдік дер едім.

Ал, жақында ғана өзінің миллионыншы тұрғынын жалпақ жұртқа жария еткен Шымкенттің де бағы артып, дәулеті тасығалы тұр. Шымкенттің мегаполиске, Түркістанның облыс орталығына айналуы заңдылық.

Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы

 

 

Өзгеріс ол өмір

Мойындау керек, қандай да бір өзгеріс бастапқы кезеңде қарсылықпен я сенімсіздікпен қабылданады. Адамдар өзгерістердің не үшін керектігін білмейді, бұрыннан бері үйреншікті болып қалған өмірдің өзгергенін қаламайды. Бірақ та осындай батыл қадамдар арқылы ғана болашақта кемелденген, дамыған және адамдарға қолайлы қоғам құра аламыз. Өзгеріс ол өмір.

Шымкенттің халқы 1 миллионнан асып кетті. Республикалық маңызы бар қала болғалы оның тынысы кеңейіп, әрекет етуге жаңа жолдар ашылмақ. Инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар туындайды. Шымкент мегаполис болғаннан кейін жаңа мүмкіндіктермен жанданған шаһар Түркістан облысына да өз пайдасын тигізбей қоймайды.

Бүкіл өңірге бұрынғы тарихи атауы қайтарылды. Ерте замандардан бері түркі халықтарының мекендеген жерлерін Түркістан деп атаған болатын. Тәуелсіз еліміздің бір өңіріне сол байырғы атаудың қайтарылуы елдігіміздің нығайғандығының, ұрпақтар сабақтастығының және қазақ халқының тарихы тереңімен тамыр жайғандығының белгісі іспетті.

Түркістанның облыс орталығы болуы ол осы қаланың дамуына беріліп отырған үлкен серпіліс болмақ. Яғни, қалада облыс орталығына сай жаңа ғимараттар, мекемелер және кәсіпорындар ашылады. Көптеген адамдар көшіп келеді. Оларды орналастыратын баспана салу керек, құрылыс саласы дамиды. Бір саланың дамуы екінші саланың гүлденуіне мүмкіндік береді, ол өз кезегінде басқа бір саланың өркендеуіне өз септігін тигізбек. Осылайша Түркістан аз уақыттың ішінде экономикалық «бумға» кенеліп, өз дамуының жаңа тарауын бастайды. Ал даму бар жерде гүлдену мен өркендеу бірге жүреді. Осы гүлдену мен өркендеудің зейнеттерін халық көретініне кәміл сенімдімін.

Саят МҰХАМЕДИЯР, «Болашақ» түлегі.

Рекомендовать
Последние новости