Түркістан облысында «Кітапхана керуен – 30 ауылға» атты акция ауыл жастарын кітап оқуға ынталандырады

Dalanews 15 апр. 2021 09:56 1331

Биыл Түркістан облысында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ауыл жастарын кітап оқуға ынталандыру мақсатында «Кітапхана керуен – 30 ауылға» және «Ұлы Дала руханияты» атты облыстық кітап фестивальдерін өткізу жоспарлануда. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев мәлім етті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Әзімхан Серікұлының айтуынша, облысымыздағы 390 кітапханада өткен жылы 3 858 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оған 230 382 оқырман қатысқан. Сондай-ақ, өңір кітапханалары 121 686 дана жаңа кітаптармен толыққан. Бұдан бөлек, «Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып, 18 090 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілген.

– Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының жобасына сәйкес Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Созақ, Төлеби, Түлкібас, Келес, Жетісай аудандары мен Арыс, Кентау, Түркістан қалаларындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылды, – деді Әзімхан Серікұлы.


Түркістан күллі Түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітілуіне байланысты биылғы жылы «Театр көктемі – 2021» түркі халықтарының театр фестивалі, «Түркістаным – Тұраным» түркі халықтары суретшілерінің симпозиумы, «Түркілер төрі – Түркістан» түркі тілдес елдердің ақын-жазушыларының кездесуі және кітап көрмесі, «Алтын сақа» түркі әлемінің анимациялық фильмдер, «Сәлем саған, Түркістан» өнер фестивальдерін өткізу жоспарлануда.

Рекомендовать
Последние новости