Түркістан облысында бизнес жобаларға қайтарымсыз грант беріле бастады

Dalanews 19 июн. 2024 10:36 2768

Түркістан облысында бизнес жобаларға қайтарымсыз грант беріле бастады
Өңірде жаңа бизнес жобаларды қолдауға бағытталған қайтарымсыз грант беру бойынша комиссия отырыстары ұйымдастырылды. Биыл грант беру жұмыстары 2 лек бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, бірінші лек өтінімдері мамыр айында қабылданса, екінші лек шілденің 15-26 күндері қабылданады деп күтілуде, деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Осыған орай, бірінші лек қатысушыларына маусым айының 5-7 күндері 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беруге арналған комиссия отырыстары өтті.

2024 жылы Түркістан облысында Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1793 грант беру жоспарланған.

Ашық форматта өткен комиссия отырысы аудан, қала көлемінде Мансап орталықтарының әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді.

Жаңа бизнес-идеяларды қолдауға арналған жобаға облыс көлемінде 1-лек бойынша 2 471 азамат өтінім білдірген. Бизнес-жобаларын қорғауға 2 097 азамат қатысты. Нәтижесінде биылғы жоспарға сәйкес 897 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданды. Ал қалған 374 азамат белгісіз себептермен комиссия отырысына қатыса алмаған.

Әлеуметтік осал топ азаматтарының бизнес-жобасын жүзеге асыру мақсатында берілетін қайтарымсыз грант алуға өтінімдер қабылдау электронды түрде жүргізіледі. Бұл қолдауға еңбекке жарамды мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түскен.

Айта кетейік, грант алуға өтінім білдірушілер жұмыссыз ретінде тіркелген яки тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Оған қоса үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы негізінде кәсіпкерлікке оқығаны туралы арнайы сертификаты болуы шарт.

Комиссия отырысында бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, бәсекеге қабілеттілігіне және үміткердің кәсібилігіне өкілдер тарапынан баса назар аударылды. Нәтижесінде комиссияның шешімімен оң қорытынды алған бизнес-жобалардың 271-і өндіріс саласына қатысты, 227-і ауыл шаруашылығы саласы, 298-і қызмет көрсету, 91-і тамақ өндірісі, 10-ы құрылыс заттарын өндіруге бағытталған.

 


Рекомендовать
Последние новости