Түркістан облысына тартылған жеке инвестициялардың үлесі – 72,5%-ды құрады

Нұрлан Жұмахан 30 янв. 2024 20:20 1768


Түркістан облысына 970 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрқожа Бекжанов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.


Оның айтуынша, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 2 трлн 699 млрд теңгені құраған.


– Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы көрсеткіш бойынша облыста негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі – 972 млрд 31,8 млн теңгені құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 26,1%-ға артқан. Сонымен қатар, жеке инвестициялардың үлесі – 72,5%. Яғни ең басым секторлар - өнеркәсіп және жылжымайтын мүлік салаларында.



Сондай-ақ, бюджеттік инвестициялардың үлесі – 27,5%. Олар инфрақұрылым нысандарын дамытуға, жылжымайтын мүлік саласына, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласындағы қызметке бағытталған, – деді Нұрқожа Ермекұлы.



Экономиканың дамуына байланысты және халықтың жағдайын жақсарту мақсатында жыл сайын жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларға инвестициялар ұлғаюда. Осылайша, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында бұл салада негізгі капиталға бағытталған инвестициялар 4,3%-ға артып 156 млрд 268,6 млн. теңгені құраған.


Бұдан бөлек, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда айналымының көлемі 735,1 млн АҚШ долларын құрап,  2022 жылмен салыстырғанда 32,1% өскен. Оның ішінде экспорт – 622,8 млн АҚШ доллары, импорт – 112,3 млн АҚШ доллары.



Рекомендовать
Последние новости