Түркілердің танымал тұлғаларының арасында ең әйгілісі Тоқтар Әубәкіров болды

Dalanews 04 окт. 2022 03:22 1357

Тоқаң, Тоқтар Әубәкіров! Оның ардақты есімін жалпақ жұртқа әйгілеуге бірі қолына қалам, бірі микрофон ұстаған менің әріптестерім аз еңбек сіңірген жоқ. Сынақшы ұшқыш боп жүрген қайсар қазақты ең алдымен өз жұртына Жүсіпбек Қорғасбек таныстырды.

Жігерлі Жүкең тұлғалы Тоқаңды Шымбұлақ жақта шаңғы теуіп жүрген жерінен тауып алып, сағаттап әңгімелесіп, елді елең еткізген әйгілі очеркін жариялады. Сол күнгі «Қазақ әдебиеті» қолдан-қолға тимей оқылды.

Одан соң Ермұрат Бапи ұлтымыздың тұңғыш ғарышкері шырқау биікке жол тартқанда көрші елдің төріндегі Жұлдызды қалашыққа арнайы барып, батыр ағасының жеті қат көктегі әр сәтін қас-қақпай қадағалап отырып, әсерлі репортаж жазды.

Ал Талғат Сүйінбай Ер Тоқаң көшін бастаған қазақ космосы мәселелерін үнемі зерделеп, әлі күнге дейін ерінбей-жалықпай қалам тербеп келеді. Тоқтарды төбесіне көтерген басқа да журналистер жетерлік.

Осыдан он екі жыл бұрын, яғни, 2010 жылғы 21-22 қазан күндері Стамбулда Дүниежүзілік түркі форумы өтті. Форумға түркі тілдес елдердің ең танымал тұлғалары келді. «Біз оларды бүкіл түркі жұрты болып мақтан тұтуымыз керек!». Даңқты азаматтарды шақырғандағы мақсат осы болған сияқты.


Тіпті түріктерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат жұртта билікке қол жеткізіп, ірі қызмет істеп жүрген туыстарымыз да баршылық екен. Сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі ретінде басқосуға біз де қатыстық.

[caption id="attachment_17037" align="alignnone" width="1327"] tansyk.blogspot.com блогынан алынды.[/caption]

Танымал түркі тілдестердің ішіндегі ең әйгілісі біздің Тоқтар Әубәкіров болды. Алдымен күллі түрік оның таудай тұлғасына назар аударды. Бойы екі метрге жуық, салмағы жүз жиырма бес келі қаһарман қазақ жиылғандардың ортасынан бірден көзге түсті.

Жауырыны қақпақтай, атпал азаматтың жасы алпыстың төртеуінде деп ешкім де ойламайды. Оның қазақтың алғашқы ғарышкері екенін естігенде бүкіл түріктің есі шықты. Ал көшеде оны бірден танып, арнайы келіп амандасқандар да аз болған жоқ.

Форумға төрағалық етушінің: «Біздің жиынымызға түркі халықтарының арасынан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қатысып отыр. Келесі сөзді соған береміз», – деп хабарлағаны сол екен, кең залдың іші гуілдей жөнелді.

Ол сөзін бастасымен-ақ тыныштық орнады. Өте әдемі сөйледі. Түрік жұртының бір бөлшегі болып саналатын қазақтардың өмірінен мысал келтірді. Өз халқының ешкімге бас имеген өрлігі туралы айтты. Бүкіл түркілерге тән қасиеттерді дәріптеуге шақырды. Сөзі жігерлі шықты. Жиылған жұрт оған шынайы қошамет көрсетті. Содан бастап ел Тоқаңа дамыл таптырмады. Бәрі де аз-кем болса да әңгімелесіп, пікір алысуға тырысты.

Түркиялық қандасымыз, белгілі кәсіпкер, «Бурак» фирмасының басшысы Дербіш Қылыш берген қонақасыда Тоқаң ғарыш туралы қызық әңгіме шертті.

– Кез келген нәрсенің басы мен аяғы болады. Басталған нәрсе әйтеуір бір жерден бітеді. Мынау қаланың да, анау көсіліп жатқан теңіздің де тұйықталатын жері бар. Ал мына ғарыш дегенің ұшы-қиыры жоқ шексіз дүние. Осыған қайран қалам, –  дейді.


Түркиялық қазақтар бәрін білгісі келеді. Қолына бір түскен ғарышкерден оңайлықпен айырылғысы жоқ. Кез келген сұрақты қойып кеп қалады.

– Тоқтар аға, ғарышқа ұшатын күні қобалжыдыңыз ба, дәлірек айтқанда, қорықтыңыз ба? – деді олардың бірі.

– Неге қорқам? – деді Тоқаң жұлып алғандай, – Қауіп-қатермен талай рет бетпе-бет келген сынақшы ұшқыш емеспін бе? Мен ғарышқа жұмыс істеу үшін, берілген тапсырманы орындау үшін ұштым. Сондықтан менің бұл сапар барысында қорқып жүруге уақытым да болған жоқ.

Жалпы, мен Юрий Гагариннен кейін ұшқан жетпіс екінші ғарышкермін. Дәстүр бойынша ғарышқа ұшар алдында ұйықтатады. Бірқатар ғарышкерлер алаңдап, көпке дейін көз іле қоймайды. Ал мен тура Гагарин секілді салғаннан қор ете түсіп, сеспей қатып ұйықтаппын. Тіпті, бір дәрігер «жорта ұйықтап жатқан жоқ па екен» деп, бөлмеде тығылып қалып, мені жарты сағаттай бақылапты. Оны кейін білдім...


Тағы бір түркиялық қандасымыз тосын сауал қойды.

– Тоқтар аға, ғарыш деген бір тылсым әлем ғой. Не көрдіңіз ол жақтан?

Ғарышкер күлді.

– Не көруім керек еді?

– Қайдан білейін... Барып келген ғарышкерлер түсініксіз құбылыстарға тап келіпті, ананы-мынаны көріпті, бірақ ешкімге айтуға болмайды екен деп жатады ғой. Жын-шайтан...

– Менің ондайға қарайтындай уақытым да болған жоқ. Сіз айтып отырған нәрселер болмайды ғарышта... Ал жерде жүруі мүмкін.

Ғарышкер қалжыңға бұрып, рахаттанып тұрып күлді.

*  *  *


Сол сапарда Тоқаңмен бірге Стамбулдың дүкендерін аралап, ағамызға костюм іздегенбіз. Мына қызықты қараңыз, оған шақ келетін біреуі де табылмады.

Кейбірінің жеңі қысқа, ендігісінің жауырын тұсы тар... Содан соң сол елдегі кәсіпкер қандасымыз Дербіш Қылыш Тоқтар ағаны өз дүкеніне ертіп барып, арнайы костюм тіктіріп берді.

Дербіштің алтын шашты қызметкер қызы Ер Тоқамның қолы мен жауырынын, иығы мен белін, кеудесі мен жотасын өлшеп жатқанда екеуіне де білдірмей, соның бәрін миға тоқып, қағазға түсіріп алдым.

Баяғыда Қажымұқан үйіне бір келіп қонғанда Әукең, Әуелбек Қоңыратбаев басынан башайына дейінгі өлшемдерін жазып алып, кейін «Керуен» деген кітабында жариялады ғой. Сол есімізге түсті. Ерекше ерлерге, алып адамдарға қатысты әрбір деректі қастерлеп сақтай білуіміз керек шығар дедік. Ол туралы кейін...

*  *  *




 

Бүгін – Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа аттанған күні. Қазақ ғарышнамасының басталған сәті. Мына бір суреттер де Шүкір Шахайдың түбі көрінбейтін тұңғиық архивінен шықты.

Сіз ұшқан күн! Мерекеміз! Құтты болсын! Аман жүріңіз, Алып Ер Тоқа!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, журналист, әдебиет зерттеушісі

 

Рекомендовать
Последние новости