Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мамыр айында Түркияға барған сапарында екі мемлекет арасында әскери ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімге қол қойылған болатын. Бұл бауырлас елдер татулығы мен достығының стратегиялық әріптестікке ұласқанының айғағы.
Осы сапардың мән-мазмұны мен жай-жапсарына үңіліп көрейікші.
Елімізде жанармай бағасының шарықтап кетуіне орай жер-жерде бейбіт шерулер мен толқулар туындағаны белгілі. Мұны президент дипломатиялық тұрғыда шешуге әрекет жасады. Алғашқы қадам ретінде Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов пен Түркияның қорғаныс министрі Хулуси Акар да келіссөз жүргізіп, қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолын, сондай-ақ аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған еді.
Яғни, мұның аясында Түркия-Қазақстан арасында бірлескен әскери жаттығулар өткізу және қорғаныс өнеркәсібі саласын кеңейтудің маңыздылығы сөз болды. Болашақта әскер даярлау және әскери ғылым саласындағы жаңалықтарды алмасу да назарға алынды.
Айтпақшы, 28 мамыр мен 9 маусым аралығында Түркияның Измир қаласында өткен «Эфес-2022» оқу-жаттығуына әлемнің 40-қа жуық елінен әскерлер қатысқан еді. Солардың қатарынан қазақстандық әскери қызметшілер де көрінгені үлкен жетістік.
Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Түркияның Қазақстанға әскери көмегін көрсету ықтималдығын ескере отырып, кез келген соғыс қимылы болған жағдайда тұрақсыздандыру негізінен ел ішінде болуы мүмкін екенін айтқан.
Осылайша, 10 мамырда Түркия мен Қазақстан қол қойған ортақ меморандумға сәйкес, саяси, экономикалық, сауда және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық жандана түсті. Бұдан өзге екі ел қорғаныс өнеркәсібі, әскери барлау, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты 15 келісімге қол қойды.
Соның ішінде Kazakhstan Engineering және Turkish Aerospace (TUSAS) ұлттық компаниясы Қазақстанда Anka ұшқышсыз ұшақтарын бірлесіп шығаруды мақұлдайтын келісімге қол қойды.
Оған сәйкес, түрік тарапы Қазақстан қарулы күштері пайдаланатын Анка ұшағына техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін технологияларды тасымалдап, мамандарды оқытатын болды. Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан Anka ұшқышсыз ұшағын шығаруды жолға қойған алғашқы шетел мемлекеті болмақ.
Ал 27 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның Koc Holding компаниясының басқарма мүшесі Али Кочпен келіссөз жүргізіп, бірлескен қорғаныс жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Тоқаев Түркиямен ынтымақтастық Қазақстан үшін ерекше маңызды екенін атап өтіп, Орталық Азия елінде жұмыс істейтін инвесторларға қолдау көрсетуге уәде берді.
Президенттің осы сапары бірталай мәселенің шешімін табуға түрткі болды. Іле-шала 5 тамызда Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Қазақстан мен Түркияның әскери барлау саласындағы әріптестігі туралы хаттаманы бекіту жөніндегі қаулыға қол қойылды. Бұл келіссөз 5 жылға дейін күшінде болмақ.
Қаулыда әскери барлау тұрғысындағы әріптестік Қазақстанның Қорғаныс министрлігі мен Түркияның Бас штабы деңгейінде өтетіні егжей-тегжейлі айтылған.
Ал бұл екі елдің арасындағы әріптестік нақты қай салада жүзеге асады?
- Бірінші, өзекті мәселелер бойынша әскери барлау ақпараты және сараптамалық бағалаулармен өзара алмасу;
- Екінші, екі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін аймақтағы (мемлекеттегі) әскери-саяси жағдайдың дамуына мониторинг жүргізу;
- Үшінші, екі мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін халықаралық террористік және өзге де ұйымдарға қатысты өзара ақпарат алмасу.
Сондай-ақ, бұл құжатта егер тараптардың бірінің ұлттық егемендігі мен қауіпсіздігіне қатер төнген немесе ұлттық-халықаралық мүддеге қайшы келетін жағдай болса, әскери барлау ақпаратын беруден бас тарту мүмкін екені атап көрсетілген. Мұнымен қоса, екі ел арасындағы бұл келісім 5 жылдан кейін де ұзартылуы ықтимал.
Айта кету керек, бүгінде әскери барлау жөніндегі келісім мен ынтымақтастық Түркиямен ғана емес, шекаралас емес барлық мемлекеттермен де жүргізіліп жатыр.