Түрік билігі қазақстандық құтқарушылардың көмегіне неліктен жүгінді?

Dalanews 19 авг. 2021 14:05 886

Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы еліміздің құтқару қызметінің құрылғанына 25 жыл толды. Ширек ғасырды артқа тастаған сала осы уақыт аралығында әбден толысып, кемел тәжірибе жинады. 

Былтыр осыған орай ұйымдастырылған іс-шарада Dalanews.kz тілшісі Төтенше жағдай министрі Юрий Ильинге сауал қойып, отандық құтқарушылардың деңгейі туралы сұраған.

Министр қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби билігі жоғары екенін айта келіп, осы саланың 3 ерекшелігін жіпке тізген еді.

Атап айтқанда бұлар:

  • Төтенше жағдайға қарасты құрылымдардың арасындағы "Әділ билік" бөлінісі;

  • Өрт сөндірушілердің барлау ісін жете меңгергені, тиісінше тәуекелге бармай тұрып жағдайды бағдарлап алатын қарым-қабілеті;

  • Еріктілермен арадағы жұмыс жолға қойылған, бұл өз кезегінде өрттің алдын-алуға жәрдемдеседі.


Жалпы алғанда елімізде жыл сайын 18 мыңға жуық төтенше оқиға орын алады екен.

Соңғы 30 жылда қазақстандық құтқарушылар мен өрт сөндірушілер 1 млн 500 мыңға жуық төтенше оқиғаның зардабын жойып, 800 мыңға тарта азаматты ажалдан арашалап қалған.


...

Соңғы жылдары әлем көлеміне түрлі табиғи әрі техногенді апаттардың жиілеп кеткені жасырын емес. Сарапшылардың пікірінше бұған климаттың өзгеруі, экологиялық ахуалдың нашарлауы, тұтастай алғанда қазіргі ақпараттық ғасыр әсер етіп отыр.

Түркиядағы тілсіз жаудың тұтануына да ғаламдық деңгейдегі климаттың өзгеруі әсер еткені анық. Сарапшылардың айтуынша 2100 жылға дейін Түркиядағы ауа температурасы 7 градусқа көтерілуі мүмкін.

Бауырлас елдің орман алқабын шарпыған қызыл жалынды ауыздықтау үшін Түркия билігінің қолындағы мыңнан аса өрт сөндіру техникасы аздық еткен еді.

Осы себепті қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестеріне қол ұшын созу үшін Даламан қаласына аттанған. Күні кеше алапат өртті тоқтатқан қазақстандықтар аман-есен елге оралды. Олар апта бойы тыным таппады.

Түркияның Орман шаруашылығы министрлігінің мәліметінше 17 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған қазақстандық жедел топ көлемі 300 тоннаға жуықтайтын су шашқан. Соның нәтижесінде аталған аумақтағы алапат өрттің арыны бәсеңдеп, ақыр соңында толық сөндірілген.

Түрік билігінің қазақстандық құтқарушылардың көмегіне бірінші кезекте жүгінуі бекер емес.

Бауырлас ел болғандықтан Қазақстан Түркиядағы орман өртін ауыздықтауға гуманитарлық көмек көрсетті. Былайша айтқанда, отандық өрт сөндірушілердің сыйақысы мен тиісті техниканы шығынын өтеуді Қазақстан Үкіметі өз мойнына алды. 


Айта кетелік, президент Тоқаевтың бұйрығымен бауырлас түрік халқына қол ұшын созу үшін Төтенше жағдай министрлігінің 16 құтқарушысы және екі МИ-8 тікұшағы шұғыл көмекке аттанған.

Қазақстандық құтқарушылар үш елдің территориясын басып өтіп, шамамен 4500 км жер жүріп Түркияға жеткен.

Dalanews.kz анықтамасы:


Төтенше жағдай министрлігінің дерегінше елімізде 18 мыңға жуық құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бар. Жағымды тенденция – соңғы жылдары еріктілерден құралған өрт сөндіру жасақтары да көбейіп келеді. Қазір елімізде мұндай 3900 ұйым бар, бұлардың қатарында 40 мыңнан аса ерікті шоғырланған.

Рекомендовать
Последние новости