Тұрғын үй кешені салынбайды: Түрксіб ауданында №20 мектепті кеңейтуге қатысты тараған қауесетке нүкте қойылды

Ақтоты Жапатова 20 окт. 2025 18:45

Алматының Түрксіб ауданында №20 орта мектепті кеңейту жоспарланып отыр. Жобаның мақсаты – оқушылар үшін заманауи әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Бастама әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында қолға алынған. Бағдарламаның басты міндеті – тұрғындар санының өсуіне сай балаларды сапалы біліммен қамтамасыз ету. Бұл жөнінде қалалық білім басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінде мектеп ғимараты шамадан тыс жүктелген: оқушылар саны жобалық қуаттылықтан екі есеге артық, балалардың бір бөлігі екінші ауысымда оқуға мәжбүр. Сонымен қатар, мектеп ғимараты сейсмологиялық және заманауи білім беру стандарттарына толық сай келмейді.

Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Тәжібаев жаңа нысанның барлық заманауи талапқа сай болатынын атап өтті.

«Жаңа мектеп бір ауысымда жұмыс істейді, оқу бағдарламасы кеңейтіледі, ал инфрақұрылым заман талабына сай болады. Біздің мақсат – балаларға жарық, кең әрі қауіпсіз сыныптар дайындау. Бұл Алматы қаласының мәртебесіне сай білім кеңістігін қалыптастырады», – деді ол.

Алматының жер қатынастары басқармасының өкілдері жер телімдерін мемлекет қажетіне алу тәртібін түсіндірді. Кей тұрғындар учаске тұрғын үй кешенін салуға беріледі деген алаңдаушылық білдірген. Алайда бұл қауесет ресми түрде жоққа шығарылды.

«Мемлекет қажетіне алынған жерлер тек мақсатына сай пайдаланылады және үшінші тұлғаларға немесе коммерциялық мақсатта берілуі мүмкін емес. Бұл жағдайда тек оқу нысанын салу туралы сөз болып отыр», – деп нақтылады басқарма өкілдері.

№20 мектептің директоры Гүлнәр Сәрсенбаева да кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

«Мектеп ұзақ жыл бойы шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп келеді. Кеңейту жобасы оқу кабинеттерінің тапшылығын жойып, балаларға заман талабына сай білім беру ортасын құруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов тұрғындардың барлық өтініші мен ескертпесі назарға алынғанын, әрі талқылаулар ашық форматта жалғасатынын айтты.

«Бұл әлеуметтік бағыттағы жоба. Біздің міндетіміз үдерістің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың заңды құқығын сақтау және білім саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік міндеттерді орындау», – деді депутат.

№20 мектептің кеңейтілуі Алматы қаласындағы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың кешенді бағдарламасының бір бөлігі болмақ. Қала билігі білім саласын стратегиялық даму бағыты және адами капиталды нығайтудың негізгі тірегі ретінде қарастырады.


Рекомендовать
Последние новости