Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров әлеуметтік желіде тараған даулы суретке қатысты пікір білдірді. Кадрда Ту ұстап, тұмшаланып суретке түскендер көрінеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сайыров Туды бұлай қорлауға жол берілмейтінін мәлімдеді.
"Қазақстан Республикасының Жалауы - еліміздің Тәуелсіздігінің, мемлекеттің бұлжымастығының, Отанымыздың зайырлығының басты символы! Қазақстанның Туын мына тәрізді "талағын" шығаруға ешкімге жол жоқ!
Мына біздің қасиетті Туымызды қорлау фактісі бойынша құқық қорғау органдары қатаң тексеру жүргізіп, Заң бойынша қатаң шаралар қолдануы тиіс!" - деді депутат.
Суреттегілер Сауд Арабиясы туының элементтері бар Қазақстан Туын ұстап тұрғаны көрінеді. Ал сурет Атырау қаласындағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілген болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысында ұсталғандарға көптеген сұрақ қойылуы мүмкін: бұл Туды қайдан алды, оны қандай мақсатта пайдаланды және неге әлеуметтік желілерде жариялады, т.с.с.?
Қандай жаза төніп тұр?
Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша мұндай әрекет үшін үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол сомаға түзеу жұмыстары, 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.