Трамптың мұнайға қатысты жоспары: Сарапшылар баға жақын арада арзандамайтынын болжайды

Кәмшат Тілеухан 21 янв. 2025 12:10 398

АҚШ климаттың өзгеруіне қарсы халықаралық келісімнен шығып, өздерінің мұнайы мен газының өндіріс көлемін күрт арттырмақ. Осы уәдесіне сай АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп дүйсенбіде кең-көлемді жоспарын жариялады. Бұл қадамдар Вашингтонның энергетикалық саясатындағы күрт өзгерісті білдіріп қана қоймай,  әлемдегі энергетикалық ресурстарды экспорттаушыларға да үлкен қауіп тудыруы ықтимал. Әлемдік шикізат ресрустары нарығындағы жағдай қалай өрбуі мүмкін? Мұны Dalanews.kz сайтының бүгінгі сараптамалық материалынан оқып-біле отырыңыздар.

Brent маркалы мұнай бағасының бүгінгі төмендеуі нені білдіреді?

Шикізат нарығы жан-жағына байыппен қарауда. Трамп инаугурациясы кезіндее Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің құны 80,66 долларға дейін төмендеді. Иә, инвесторлар Дональд Трамптың Ақ үйге оралуына дайындалуда. Басты назар Трамп әкімшілігінің енгізілген санкциялар мен әртүрлі шектеулерге қатысты өзін қалай ұстанатындығында болады. Сонымен қатар трейдерлер Иран мен Венесуэлаға қатысты сауда баждары мен ықтимал санкциялар туралы көбірек білгісі келеді. Өткен аптада шикі мұнай бағасы 1,3%-ға өсті. Бұған АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларынан кейін шикізат тасымалы кілт тоқтау ықтималдылығына байланысты туындаған қорқыныш және инфляцияның төмендеу белгілері аясында АҚШ-тың пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін деген болжамдар әсер етті. Алайда Таяу Шығыстағы шиеленістің бәсеңдеуі бағаның одан әрі өсуін шектеуі мүмкін. Жексенбіде ХАМАС пен Израиль кепілге алынғандар мен тұтқындармен алмасты, бұл 15 айлық қақтығыстан кейінгі атысты тоқтатудың алғашқы күні болды.

Қалай дегенмен де әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі ахуал "Бағаны керек болса, 40 долларға дейін түсіремін" деген Трамптың айтқанының бұл іске асырыла бастауын білдіреді ме? Халықаралық сарапшылар қауымы осыны егжей-тегжей зерттеп көріпті.  

Трамп инаугурациясында мұнай туралы не айтты?

"Америка қайтадан өндіруші елге айналады және бізде басқа өндіруші елдерде жоқ нәрсе бар: жер бетіндегі барлық елдер арасындағы мұнай мен газдың ең үлкен қоры. Біз оларды қолданатын боламыз",- деді Трамп өзінің инаугурациялық сөзінде.

Трамп бұл жарлықтар тұтынушылық бағаны төмендетуге және АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін жақсартуға көмектесетінін айтты.

 "Біз бағаны төмендетеміз, стратегиялық резервтерімізді қайтадан лық толтырамыз және америкалық энергетикалық шикізат ресурстарын бүкіл әлемге экспорттаймыз", деді ол.

Трамп мұнай бағасын қалай төмендетуі мүмкін немесе оның келесі қадамы қандай?

Трамп мұнай бағасын төмендетуді өз мақсаты деп санайды. Солайша ол АҚШ-тың осы сектордағы басты екі бәсекелесі – Ресей мен Сауд Арабиясын жеңбек ниетте. Сол үшін бүгінгі АҚШ-тағы мұнай мен газ өндірісін тағы 15 пайызға немесе тәулігіне 3 млн баррельге арттыруды көздеп отыр. АҚШ қазірдің өзінде әлемдегі ең ірі энергетикалық ресурстарды өндіруші болып табылады. Газ конденсаты аралас мұнайға ие Америка тәулігіне 13 млн баррельден астам мұнай өндіреді, ал Ресей мен Сауд Арабиясы бұл кезде тәулігіне шамамен 10,5 млн баррель өндіріске ие. Сонымен қатар, АҚШ Жер бетіндегі сұйытылған газдың жетекші экспорттаушысы болып табылады. Америка Ресейдің Украинаға басып кіруі және Владимир Путиннің Еуропаға жариялаған газ соғысы туралы шешімінен кейін Еуропадағы позициясын нығайта бастады. "Газпром" өзінің ең қолжетімді және тиімді еуропалық нарығынан айырылды. Бос орынды америкалық газ компаниялары басты, ал Трамп олардың үстемдігін нығайтуға, сонымен бірге  Қатар, Канада және Австралия сынды басқа ірі экспорттаушылардың Азия нарығындағы үлесіне қол салмақ ниетте. Бұл оның реформаларындағы екі басты мақсаттарының бірі. Екіншісі - Американың ішкі нарығында жанар-жағармайдың бағасын төмен ұстап тұру үшін өндірісті арттыру. Қазір ондағы газ АҚШ-тың екі ірі экономикалық қарсыласы - Еуропаға немесе Қытайға қарағанда үш есе арзан. Бұл америкалық өнеркәсіпке бәсекелестік жағынан артықшылықтар беріп, ең бай елде әл-ауқаттың артуына ықпал етеді.

АҚШ-та өндіріс көлемін арттыруға не кедергі немесе Байденнің "тұзағы"

"Жалпы, мұнай өндірісін арттырудың екі жолы бар. Біріншісі- мемлекет тарапынан болатын қатаң реттеуді жұмсарту, екіншіден, мұнай компаниялары өндірісіне қолдау жасайтын жағдайлар тудыру", - дейді Institute of International Finance (IIF) сарапшысы Марселло Эстевао.

Соңғы төрт жылда  Джо Байденнің энергетикалық қазба отыннан жасыл көздерге алмастыруға арналған "Жасыл" реформалары мұнайшыларды тізгіндеп келді. Сол себепті Трамптың екінші мәрте президент болуы олардың "жыртқыш инстиктін" оятары сөзсіз. Жалпы, бұл ретте алда бір-бірлеп алып шықпақ Трамптың жеңіне тыққан "басты көзірлері" бар. Біріншісі  - мұнайшыларға федералды жерлер мен қайрандарды беру. Қазір оларда және үнді жерлері қорларында АҚШ-тағы барлық мұнайдың төрттен бір бөлігі өндіріледі. Байден табиғатты қорғау үшін, ең алдымен, Тынық мұхиты мен Атлант мұхитының қайраңында мемлекеттік меншіктің едәуір бөлігін игеруге тыйым салып, лицензия бермеді.  

Трамп мұнайға бай федералды штаттарда, ең алдымен Аляска мен Техаста, сондай-ақ Парсы шығанағының мемлекеттік қайраңында бұрғылау жұмыстарын жүргізуге рұқсат беруі мүмкін.  Алайда, федералды жерлерді беру — бұл шайқастың бел ортасы. Одан кейін барлау мен өндіруге рұқсат алу керек болады. Бұл - Трамптың екінші көзірі.

Федералды штаттарды басқару бюросының (BLM) мәліметтері бойынша, оның бірінші президенттік мерзімінде рұқсат алуға орта есеппен 174 күн қажет болған. Ал Байденнің тұсында бұл уақыт 258 күнге созылды, сонымен қатар билікке келгеннен кейін ол рұқсат беруді мүлдем тоқтатты және төрт жылдық президенттік мерзімнің ортасында ғана оны қайта қарай бастады.

Трамптың үшінші көзірі - инфрақұрылымдарды дамыту. Трамп Байденнің кезінде тыйым салынған құбырларды салуға рұқсат беруді көздеп отыр. Мұндайда компаниялар жаңа өткізу нарықтарына және экспорттық теңіз терминалдарына қол жеткізіп, солардың көмегімен кен орындарында өндірісті тез арттыруға мүмкіндік алады. Жаңа әкімшіліктің қолға алмақ төртінші шарасы өндіріс пен ұсынысты емес, мұнай мен газға деген сұранысты қолдауға арналған. Трамп Байденнің ауқымды "жасыл" субсидияларын алып тастауға, экологиялық талаптарды жеңілдетуге және автомобильдердің бензиннен жаңартылатын көздерге ауысуын қайта қарауға ниетті. Сонымен, бесінші көзір — Байден енгізген сұйытылған газ экспортына енгізген шектеулерді жою.

Трамп жұмысқа кіріскен бірінші күні-ақ сұйытылған мұнай газы экспортына енгізілген шектеулерді алып тастай алады, бірақ бірден екі мәселеге тап болады. Біріншіден, Байден жағалау терминалдарының кеңейтудің экологиялық салдарын зерттеу сылтауымен тыйым салды. Сондықтан сараптама аяқталғанға дейін берілген кез-келген рұқсат сотта дау туғызуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе уақытша экологиялық сараптаманың ресми бөлігі бір айдан кейін аяқталады. Австралияның тәжірибесі көрсеткендей, әлдеқайда үлкен кедергі — бұл газдың ішкі бағасының өсімі, өйткені шикізат бағалары бірнеше есе жоғары болатын сыртқы нарықтарға экспортталады. Ал Трамп энергия ресурстарының қымбаттауынан аулақ болғысы келеді, өйткені ол сайлаушыларға, керісінше бағаны төмендетуге уәде беріп отыр. Жеке компанияларды "бұрғылауға жұмылдыру" жұмысы да оңай емес. Компаниялар рентабельділікке және алдағы жылдарға қарап инвестициялық шешімдер қабылдайды. Егер Трамптың мұнай мен газ бағасын төмендету мақсатына қол жеткізілсе, онда олар барлық федералды жерлерді тегін берсе де, көп   бұрғылауға бейілділік танытпайды.

Трамп айтқан бағалар - 40 доллардың да, 65 доллардың да ауылы алыс

Канзас-Сити Федералды резервтік банкінің мұнайшылар арасында жүргізген жаңа сауалнама нәтижесі көрсеткендей, қолданыстағы кен орындарын пайда табу үшін мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 65 доллар болуы қажет. Ал өндірісті едәуір арттыру үшін бір баррель құны 89 доллар болғаны керек.

Бірақ олардың ешқайсысы баға өседі деп күтпейді. Орташа алғанда, мұнайшылар "жарты жылдан кейін бір баррельді 73 доллар, бір жылдан кейін 77 доллар және екі жылдан кейін 80 доллардан сатамыз" деп болжайды. Сондықтан, ірі компаниялардың көпшілігі Трамптың жігерлендіретін мәлімдемелеріне қарамастан, инвестицияларды арттыруға ниетті емес. Сонымен қатар, инвесторлар мен нарық акционерлерге дивидендтер мен акцияларды сатып алу түріндегі төлемдерді көбірек төлеуді талап ететін болады. 

ОПЕК+ мұнай өндірушілерінің негізгі картелі де, IEA Батыс тұтынушы елдерінің бас сараптамалық орталығы да (халықаралық энергетикалық агенттік) әлемдік экономика проблемаларына және Қытайдың негізгі тұтынушысының тәбетінің төмендеуіне байланысты 2025 жылы мұнай мен газға сұраныс баяу өседі деп болжайды. Әлемде мұнайға деген сұраныс халық санының өсуіне және өнеркәсіптің дамуына байланысты өсуде. Ағымдағы жылы IEA есептеулері бойынша, ол тәулігіне тағы 1 млн баррельге артып, тәулігіне 104 млн баррельді құрайды. Сонымен бірге АҚШ-тың Ресей мен Иранның "көлеңкелі флотына" қарсы санкцияларына байланысты ұсыныс азаяды. Алайда, әлемдік нарықта дағдарыс пен бағаның күрт өсуін әлі ешкім болжамайды.

Біріншіден,өйткені АҚШ пен Қытай тапшылыққа араласу үшін үлкен стратегиялық қорларға ие. Екіншіден, ОПЕК+ осы жылы картельге мүше елдердің мұнай экспортына шектеулердің бір бөлігінен бас тартпақшы. Үшіншіден, ОПЕК + құрамына кірмейтін елдер, соның ішінде АҚШ, Канада, Бразилия, Гайана және Аргентина биылғы жылы өндірісті тәулігіне тағы 1,5 миллион баррельге ұлғайтпақшы.

"Осы қосымша шаралардың барлығы мәселе туындап, жеткізілімдер тоқтаған жағдайдағы бос орынды, күтілген сұраныс өсімін де қамтамасыз етуі керек", дейді Халықаралық энергетика агенттігінің сарапшылары.

Егер арзан баға болмаса, онда, ең болмағанда, реттеудегі жеңілдіктер Трампқа АҚШ-та мұнай мен газ өндірісінің өсуіне көмектесе алады ма? Егер бұл орын алса, IIF экономистерінің пікірінше, бұл жақын арада бола қоймайды.

"Федералдық жерлерге лицензиялар алу процесі бір жылды, тіпті өндірісті бастағанға дейін ондаған жылды қамтиды, ол жерде тау-кен жұмыстары басталғанға дейін жылдар, тіпті ондаған жылдар керек болады. Демек,  Трамптың 2028 жылғы президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана бұл мүмкін болады", - дейді олар. 


Рекомендовать
Последние новости