"Той тоқтаусыз өтіп жатыр, мойындайықшы!". Депутат Дүйсенбинов Үкіметке ұсыныс жасады

Dalanews 01 сент. 2021 14:03 917

Парламент мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов отбасылық шараларға тыйым салудың нәтижесі жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Оның айтуынша, бүгінде отбасылық шараларға тыйым салынса да, халық тойды тығылып өткізеді. Ондайда вирустың таралу қаупі күшейе түседі. Сондықтан ондай шаралар, шын мәнінде, індеттің таралуын тоқтатуға еш әсер етіп отырған жоқ.

"Өкінішке орай, вирус өміріміздің тұрақты факторына айналуда. Ал өмір жалғасуда: жастар отбасын құрады, адамдар туылады және қайтады. Біздің халқымыз қызығын да, қайғысын да жақынымен бірге бөліскен еді. Ал бүгінде азаматтарымыз кең ғимараттарда сақтық шараларын сақтай отырып өткізетін отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр болуда", - деді Дүйсенбинов мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың ойынша, шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, тіпті, жемқорыққа айналып кеткен. Себебі ресми түрде шектеу болса да, іс жүзінде жанұялық шаралар мен той-жиындар пәтерлерде, жеке үйлерде және шағын дәмханаларда өтіп жатыр.

"Оның үстіне, өңірлерде шенеуніктерге жақындығы бар немесе "қажет жерде" құнын төлеген мейрамханалар тәулік бойы ешқандай шектеусіз, қонақтар санына қарамай жұмыс істейтіндігі де ешқандай да құпия емес. Сондай-ақ қоғамдық көліктердегі иін тірескен адамдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектерді көргенде қандай санитарлық нормалар туралы айтуға болады?! ", - деп атап өтті депутат.

Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметке депутаттық сауал жолдап, бірнеше ұсыныс жасады.

Олар:

  • отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынатын болса, онда бүгінде шектеудің нәтижесінде қаңырап бос тұрған ғимараттарды одан әрі пайдалану, оларды жаңа мақсатқа бейімдеуге мектептер, ауруханалар, спорт мекемелеріне айналдырып, қайта жабдықтауға көмектесу;

  • отбасылық шаралар өткізуге рұқсат етілген жағдайда дағдарыстан шығаруға қауқарлы, қажетті, әрі кәсіпкерлерге түсінікті, әділ шараларды қарастыра отырып, шектеуден реттеуге көшіп, бизнес объектілерін қайта жандандыруды және рестораторлардың карантиндік талаптарды орындау мақсатында әзірлеген ұсыныстар пакетін қарастыру;

  • індетті форс-мажор ретінде ресми түрде мойындап, тоқтап тұрған шағын және орта бизнес нысандары бойынша коммуналдық төлемдерге, мүлік салығына жұмсалатын басқа да шығындарды өтеу.


 

Рекомендовать
Последние новости