Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының нәтижесі: MRO SCAT және Boeing жобасының іргетасына капсула салынды

Dalanews.kz 28 февр. 2026 10:49

Шымкентте Boeing қатысуымен Орталық Азиядағы ең ірі MRO SCAT авиациялық-техникалық орталығының іргетасына капсула салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шымкент қаласында MRO SCAT авиациялық-техникалық орталығы құрылысы басталуына орай капсула салу рәсімі өтті. Кешен Орталық Азиядағы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша ең ірі орталыққа айналмақ әрі Қазақстанның авиация саласындағы негізгі инфрақұрылым жобаларының бірі саналады.

Жоба Мемлекет басшысының АҚШ-қа жұмыс сапарының қорытындысы бойынша халықаралық деңгейде талқыланды. Boeing корпорациясының басшылығымен өткен кездесуде Шымкентте әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын құру мәселесі қарастырылған болатын.

Салтанатты шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Boeing компаниясының коммерциялық сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Пол Риги қатысты.

Жоба SCAT әуе компаниясы базасында жүзеге асырылады. Орталық Boeing 737 (Classic/NG/MAX), Boeing 757/767, сондай-ақ, болашақта Boeing 777 сынды кең фюзеляжды ұшақтарға толық циклді қызмет көрсетуге бағытталады.

10 гектар аумақта жалпы ауданы 45 мың шаршы метрден асатын заманауи инженерлік-техникалық кешен салынады. Оның ішінде 6 гектардан аса аумақты қамтитын әуе кемелеріне арналған алаң қарастырылған.

Жоба аясында кемінде 15 жоғары технологиялық нысан бой көтереді. Олардың қатарында:

  • әуе кемелеріне қызмет көрсететін көпфункционалды орталық;

  • авиациялық қозғалтқыштар, қосалқы күштік қондырғылар (ВСУ) және шасси тіректерін жөндеу цехтары;

  • интерьерді жаңғырту және бейімдеу орталығы;

  • әуе кемелерін бояу цехы;

  • электрон жүйелерді сынау және жөндеу зертханасы;

  • қосалқы бөлшектер мен авиациялық компоненттер қоймалары;

  • толық өндірістік циклді қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылым.

MRO орталығын құру Қазақстанның өндірістік және технологиялық әлеуетін нығайтып, шетелдік әуе компаниялардың ұшақтарына қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

SCAT әуе компаниясы жобаны іске асыруда ҚР Көлік министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Boeing корпорациясының техникалық құзыреттерді дамытуға және салалық әріптестікті нығайтуға қосқан үлесі айтылды.

"Капсула салу - Қазақстан авиация саласының технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық жобаның бастауы. Жаңа орталық MRO нарығын сапалы, жаңа деңгейге шығарып, Boeing ұшақтарының түрлі типіне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтеді", - деді SCAT әуе компаниясының президенті Владимир Денисов.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove