Түркістан облысы Сауран ауданында орналасқан Серт ауылында кейінгі 5 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл - тұрғындардың ауызбіршілігі, өзара құрметі және жоғары азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі. Ауылда 900-ге жуық адам тұрады. Мұнда құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Учаскелік полиция инспекторы тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар өткізеді.
"Ашық диалог пен сенім қоғамдық тәртіп сақталуына негіз болып отыр. Серт тұрғындары еңбекке, спортқа, ұлттық дәстүрді дәріптеуге басымдық береді. Жастар үлкендерден өнеге алып, сыйластық пен жауапкершілікке негізделген ортада өсіп келеді. Ішімдіктен бас тартқан Серт ауылы - бірлік пен ортақ жауапкершілік қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптастыра алатынын дәлелдеген ауыл", - деп жазылған хабарламада.
