Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы 26,3 трлн теңгеден асты

Самал Асқар 27 февр. 2026 17:40

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 26,36 трлн теңгеден асып, бір жылда 3,74 трлн теңгеге немесе 16,5%-ға өсті, деп хабарлайды Dala news.
 
Жинақ құрылымы
 
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан жинақ көлемі 24,81 трлн теңгені құрап, бір жылда 14,4%-ға артқан.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша сома 736,07 млрд теңгеге жетіп, 13,2%-ға өсті.
Ең жоғары өсім ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша тіркелді – 23,6%. Олардың көлемі 9,89 млрд теңгені құрады.
 
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен жинақталған қаражат 807,75 млрд теңгеге жетті.
 
Түскен жарналар
 
2026 жылдың қаңтар айында салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 264,65 млрд теңге жарна түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға немесе 30,41 млрд теңгеге көп.
 
Оның ішінде:
•МЗЖ бойынша – 211,73 млрд теңге (өсім 5,7%);
•МКЗЖ – 14,00 млрд теңге (өсім 15%);
•ЕЗЖ – 185 млн теңге;
•ЖМЗЖ – 38,74 млрд теңге.
 
Төлемдер мен аударымдар
 
2026 жылдың қаңтарында БЖЗҚ-дан барлық бағыт бойынша төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар көлемі 124,27 млрд теңгені құрады.
 
1 ақпандағы жағдай бойынша:
•Жасына байланысты төлемдер – 17,30 млрд теңге. Орташа айлық төлем – 38 312 теңге.
•Тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделуге арналған біржолғы төлемдер – 47,88 млрд теңге.
•Мұрагерлік бойынша төлемдер – 17,80 млрд теңге.
•Тұрақты тұруға шетелге шығуға байланысты төлемдер – 3,09 млрд теңге.
•Мүгедектігі бар адамдарға төлемдер – 352,91 млн теңге.
•Жерлеуге арналған төлемдер – 866,12 млн теңге.
•Сақтандыру ұйымдарына аударылған қаражат – 36,99 млрд теңге.
 
Зейнетақы шоттарының саны
 
2026 жылғы 1 ақпанда БЖЗҚ-дағы зейнетақы шоттарының жалпы саны 18,28 млн бірлікке жетті. Бұл бір жылда 1,04 млн шотқа немесе 6%-ға көп.
 
Жеке зейнетақы шоттарының саны – 12,73 млн:
•11,30 млн – МЗЖ бойынша;
•766,4 мың – МКЗЖ;
•469,08 мың – ЕЗЖ.
 
Жұмыс берушінің міндетті жарналары есепке алынатын шартты шоттар саны – 5,55 млн.
 
Айта кетейік, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2013 жылғы 22 тамызда құрылған. Қордың құрылтайшысы әрі акционері – Қазақстан Республикасы Үкіметі. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Ұлттық банк жүзеге асырады.
 
Зейнетақы активтері бойынша толық статистикалық ақпарат enpf.kz сайтында жарияланған.

Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove