Ақтөбеде Бөкенбай батыр көшесіндегі жаңадан ашылған «Анвар» гипермаркеті алдында референдумды қолдауға арналған жастар фестивалі ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен мерекелік кеш қала тұрғындарына саяси науқанды ақпараттық-түсіндіру форматында жалғасты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шараны қала жастары ұйымдастырған. Сахнада оқу орындарының білім алушылары мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Жиналған қауымға облыстық коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева референдумды тарихи кезең деп атап өтті. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің тірегі әрі болашақ ұрпақтың тағдырына әсер ететін басты құжат.
«Біз бүгін тарихи кезеңнің куәсі болып тұрмыз. Конституция — мемлекетіміздің тірегі, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін басты құжат. Қабылданатын өзгерістер әділетті, прогрессивті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған. Баршаңызды референдумға келіп, дауыс беруге шақырамын. Болашағымыз үшін бірге шешім қабылдайық!», — деді облыстық мәслихат депупаты Айгүл Нұркеева.
«Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық елдегі тұрақтылық пен реформалардың нәтижесіне тоқталды.
«Бұл өзгерістер — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті қоғам құруға және жастарды қолдауға бағытталған саясатының нәтижесі. Жаңа Конституция — жай құжат емес, білімге, ғылымға және инновацияға ашылған кең жол. Бұл — әр жасқа берілген нақты мүмкіндік. Референдум — «Мен еліммен біргемін!» деп айтатын шешуші сәт. 15 наурыз — әр адам дауыс беру арқылы ел тарихын айқындайтын күн. Біз таңдау жасаймыз және болашақты бірге құрамыз!», — деді ол.

Сондай-ақ «Анвар» сауда желісінің директоры Аслан Қайырғалиев те өз пікірін білдірді. Ол жаңа жобада азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, еңбек құқықтары конституциялық деңгейде бекітілетінін алға тартты.
Қаламызда іргелі нысандардың бой көтеруі Президенттің кәсіпкерлікті қолдау саясатының тікелей жемісі деп айта аламын. Әр адамның құқығы мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіліп отыр. Әр адам сапалы еңбекпен, өзі қалаған кәсіп түрімен айналысуға құқылы. Елдік мүдде мен жарқын болашақ үшін барша ақтөбелікті жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын! Еліміз аман, кәсібіміз берекелі болсын!», — деді Аслан Қайырғалиев.
Айта кетейік, республикалық референдум 15 наурызда өтеді.
