2025 жылы 15 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабиге жұмыс сапары аясында Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед Әл-Рамахимен кездесу өткізді, деп жазады Dalanews.kz.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Masdar компаниясы арасындағы серіктестік жаңа әрі сапалы деңгейге көтерілгенін атап өтті.
"Президент компания өкілдерімен бірге Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға қатысты келісімдерге қол жеткізілгенін айтты. Аталған ірі жобаға 1,4 миллиард доллар инвестиция салынады. Өз кезегінде Мұхаммед Әл-Рамахи компанияның құрылыс жұмыстары бойынша жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ жоба аясында жел турбиналарының өндірісіне жергілікті өнімдерді қолдануға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді".
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Әл-Рамахи Masdar компаниясының Қазақстандағы қызмет аясын кеңейте отырып, жаңартылатын энергетика және цифрландыру салаларындағы маңызды жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар кездесуге Abu Dhabi National Oil Company (ADNOC) қайта өңдеу және өткізу жөніндегі бас атқарушы директоры Халид Салмин қатысты.
Президент еліміздің ADNOC компаниясымен серіктестікті одан әрі дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Халид Салмин екі елдің ұлттық мұнай-газ компаниялары арасындағы өзара ықпалдастықтың перспективаларына тоқталды.
Кездесуде мұнай-газбен қатар геологиялық барлау ісіндегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланып, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 14 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында "Абу Дабидің орнықты даму апталығы" саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болатынын айтты.