Тоқаев: «Билік халық алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек»

Dalanews 05 янв. 2021 06:12 959

Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн.

Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз.

Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз.


Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық.

Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мәжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам.

Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай әралуан болса да, баршасын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тәуелсіздік.

Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі.

Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.

Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласынан үзінді

Рекомендовать
Последние новости