Қ.Тоқаев: «Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ»

Dalanews 05 янв. 2021 05:02 1219

Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған.

Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде.

Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.


Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді.

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар.


2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи әділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады.

Өйткені, мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласынан үзінді

Рекомендовать
Последние новости