Төлібаев: "Ойланайық, орыстілділер..."

Dalanews 02 мая 2018 09:42 824

Кезінде билікте болған, қазір блогерлікпен айналысатын Марат Төлібаевтың жазбасы күллі орыстілді қауымға қарата айтылған екен.

Айтылмай жатқан жоқ, анығында. Тек естір құлақ жоқ. Төлібаевтың жазғанын оқуы оқығанмен, соны көкірек көзінен өткізгендер санаулы-ақ, құдай біледі.

Қазақша үйренгісі келмейтіндер бұған сан түрлі себеп табарына, етіміз үйренген.

Сонымен Төлібаев былай депті:

«Мен өзі орыстілді қазақпын.

Орысы көп қалада өстім. Орыс мектебінде білім алдым. Жоғары оқу орнына түскенде де орысша оқыдық. Оқу бітіріп, жұмысқа кіріскенде де араласқан ортам негізінен орыстілді еді.  

Жасырып не керек, әлі күнге дейін орысша ойлап, орысша сөйлеймін. Орысша түс көремін...

Жасырып не керек,
Қазақстанда орыс тілінің үстемділігі сақтала берсе, орыс тілінің көсегесі көгере түссе орыстілді мен үшін тиімді болар еді.

Бірақ...

Мен бәрібір қазақпын. Орыстілді болсам да қазақпын. Орыстілді қазақ өзінің ұлтына, өзінің тіліне, діліне жаны ашымайды деп ойлайсыз ба? Олай ойласаңыз, қателесесіз.

Түсінбей-ақ қойдым. Неліктен қазақтардың өз елінде, өз жерінде жүріп құқығы шектелуі, намысы аяққа тапталуы тиіс? Неге?

Олар неге барлық мемлекеттік органдардан өзіне қажетті қызметті мемлекеттік тілде ала алмайды? Олар неге елдегі кез-келген дүкеннен өзіне қажетті тауарды қазақ тілінде сөйлеп сатып ала алмайды? Неліктен кез-келген дәріханада оларға қажетті дәрі-дәрмектің дайындалуын қазақ тілінде түсіндірмейді?

Бәрін қойшы.
Олардың Қазақстанда жүріп қазақша сөйлеуін әлдекімдердің ұлтараздықты қоздыру, бірлікке сына қағу деп арандататыны, бұра тартатыны қалай?

«Менімен мемлекеттік тілде сөйлес» деп талап қоятын қазақтарды шовинист айыптауына қандай құқысы бар?

Өзімен мемлекеттік тілде сөйлесуді сұраған қазақ өзге ұлттың ар-намысына тимесе, тіліне тыйым салмаса әлдекімдердің бұлай деуіне қандай негіз бар?

Ойланайық, орыстілділер. Олар бізбен өз тілінде сөйлескісі келеді және сол тілде қызмет көрсеткенді қалайды. Бар болғаны осы.

Әрбірден соң олар өз жерінде жүр ғой. Өз елінде жүре тұра мемлекеттік тілде сөйлеуді, мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді өтінуге мәжбүр. Неге? Ақылға сия ма осы? Тұтас бір ұлттың намысын аяққа таптау ғой бұл?!

Мемлекеті өзінікі бола, мемлекеттік тілі мүсәпір хәлге түскен дәл мұндай ұлт бар ма әлемде?».

Рекомендовать
Последние новости