Төлен Әбдік: "Абай мұрасын ұлттық программа деп ұғу керек"

Dalanews 10 авг. 2020 15:02 801


  1. Абайдың сіздің өміріңізден алатын орны қандай?

  2. Енді 150 жылдан кейінгі ұрпақ Абайды қалай қабылдайды деп ойлайсыз?


Редакциядан: Осыдан 25 жыл бұрын Абайдың 150 жылдығы қарсаңында қазақтың игі-жақсылары ілгерідегі екі сауалға жауап беріп, ойын ортаға салған екен. Екі апта бойы кітапханада қонып, архив ақтарған «Қала мен Дала» тілшісі Абай туралы соңғы ширек ғасырда жарық көрген құнды дүниелерді топтастырып қайтқан еді. Солардың алғашқысын назарыңызға ұсынамыз.

 

Төлен Әбдік, жазушы:

«Қазақтың бүкіл тіршілігінде Абай қамтымаған сала жоқ»

  1. Испан халқының мақалы бар: «Әркім жәрмеңкені алған затына қарап бағалайды» деген. Абайдан да әркім өзіне керегін алады.


Рас, ұлы ақынның «ит маржанды не қылсын» деген ауыр сөзі бар. Бәлкім, қазақтың бүкіл рухани әлемін, мәдениетін жоққа шығарып, оның (Абайды тудырған) қазақ халқының елдігіне күмән келтіретін мәңгүрттердің дүниеге келетінін күні бұрын сезіп айтты ма екен бұл сөзді, кім білсін?

Абай жырынан сусындап көрмегендерге, сусындағысы да келмейтіндерге «Құдай аясын» дейік.
Біз үшін Абай тек қана ұлы ақын, ғұлама ойшыл емес, мойынға таққан бойтұмардай қашанда қасында жүретін өмірлік ұстаз, рухани көсем.

Қазақтың бүкіл тіршілігінде Абай қамтымаған сала жоқ. Пенделік күнкөрістен бастап, адамгершілік, парасат биігіне дейінгі ұлан-ғайыр рухани кеңістікте аяғыңды бассаң Абайға тірелесің.


Әсіресе, бүгінгі жаңа дәстүрдегі мемлекеттік, ұлттық қалыптасу процестері жүріп жатқан кезде, Абайдың әр жолы алтынға бергісіз. Ел болу үшін, жұрт болу үшін не керек, не істеу керек – ұлы ақын соның бәрін айтқан.

Мәселен, «Есектің артын жусаң да, мал тап» деген сөздерінің бүгінгі заманға тура келіп тұрғанына қалай таңғалмассың!

Ал «Біріңді қазақ, бірің дос. Көрмесең істің бәрі бос» деген сөзін ұлттық программамыз деп ұғуымыз керек.
Абай бізге барлық істе де үлгі. Елді, халықты сүюдің де үлгісін Абай көрсетті.

Ол Пайғамбар жасына жетпеген аз ғұмырын уайым-қайғымен, зарлаумен өткізді. Кім үшін зарлады? Өзі үшін бе? Жоқ, қара басын ойласа, Абайда бәрі болды, дәулет те, даңқ та, құрмет те. Ол ең алдымен елін ойлады.

Бақытсыз халқына жаны ашығандықтан жаны жаралы еді. Шын азамат өз халқының дертімен дерттенбей, оның қасіретіне шомылмай тұра алмас еді.

Қысқасы, Абай мұрасы біздің рухани байлығымыз ғана емес, халқымыздың болашағын айқындайтын ұлттық идеологиямыз.
Осыдан кейін Абайды менің өмірімнен алатын орны қандай екені өзінен-өзі түсінікті ғой деп ойлаймын.

  1. Адам халықтың мүддесін екі жағдайда сатуы мүмкін: бірі – шүріппесі қайырылмаған мылтықтың аузы кеудеге тіреліп тұрған жағдайда, екіншісі – ел аман, жұрт тынышта, ұрмай-соқпай, өз еркіңмен.


Біріншісі – шыбын жанды қия алмағандықтан, қорыққаннан, екіншісі – халықтың болашағына сенбегендіктен.

Абай айтады: «Жамандықты кім көрмейді? Үміт үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді» деп. Осы жолдарда халықтың болашағына деген қаншалықты үлкен сенім жатыр.

Абай сенген болашаққа менің сенбеске тіпті хақым жоқ.
150 жылдан кейінгі ұрпақтың Абайды бізден де гөрі жақсырақ түсінетініне, түсініп қана қоймай, Абайдың айтқанын істейтін дәрежеге көтерілетініне мен еш күмән келтірмеймін.

Тегінде адамның санасын қатты улайтын нәрсе – елдің өзге елге тәуелді болғаны. Бостандық жоқ жерде азаматтық сана да дами алмайды. Біздің де  санамыздан әлі күнге дейін отарлау саясатының салқыны кетпей жатқан секілді. Ал 150 жылдан кейінгі ұрпақ мүлде азат ұрпақ. Олардың ойы да, сезімі де азат. Ұлы Абайдың қадіріне бір жетсе, солар жетеді.

(Жалғасы бар)

 

Рекомендовать
Последние новости