Тіліміз бізді біріктіре түседі

Dalanews 16 окт. 2017 16:15 884

Алматы облысының ақпараттық топ мүшелерінің жұмысы Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылындағы Алмалы орта мектебінде  ұласты. Мектеп ұстаздары, оқушылармен өткен басқосу  қызу тартысты өтті. Латын әліпбиіне көшуге қатысты келелі ойларын ортаға салған топ жетекшісі Айдар Башбаев, топтың белді мүшелері облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүласара Исағұлова, ақын, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы Сағыныш Намазшамова,  облыстық «Жетісу газетінің тілшісі Қажет Андас, ақын,  ҚХА өкілі Ақсұңқар Ақынбаба көпшілік қойған сауалдарға кеңінен   жауап  берді.



Мектеп мұғалімдері қоғамда қызу талқыға түскен  латын  әліпбиіне көшудегі әртүрлі аспектілі сұрақтар қойды десек болады.

Латын әліпбиіне көшкен соң компьютерді өзіміз жасауға мүмкіндік бар дедіңіздер. Олай болса, қазақ тілі кириллицамен тұрғанда неге жасай алмайсыздар? Екіншіден,  латын тіліне көшкенде компьютерлерге баға төмендейді деп не үшін айттыңыздар?.. Латын әліпбиін қабылдауда өзге елдер қандай қиындықпен ұштасқаны туралы да нақты мысалмен айтып берсеңіздер? Латын графикасына көшуде сананы қалыптастыра білу керек дейміз. Осы тұста не айтар едіңіздер?

Бұл сауалдарға орай журналист Қажет Андас, ақын Сағыныш Намазшамова   түсінікті, нақты мысалдарды тілге тиек ете отырып,  жіліктеп айтып берді. Олардың сөзінше, графиканы ауыстырамыз деп тілден айырылсақ, онда қазақтың мемлекеті де, тарихы да болмайды. «Бізді біріктіретін тіліміз екенін жадыдан шығармайық» деген ой да  ортаға салынды.



Латын графикасына көшу бойынша  ақпараттық түсіндіру жұмыс тобының қатысумен өткен жиында «Қазақстан» телеарнасының латын қарпінде жазылған атауына  қатысты да сауал қойылды.

Бұл сауалға орай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Тастандықызы: «Менің ойымша бұл жақсы бастама. Елбасы өзінің мақаласында мұны алға тартып айтқан болатын. Біріншіден, телеарна атауын  латын графикасымен жазу арқылы халықтың  көзін үйрету, екіншіден, жазылған атау дұрыс па әлде бұрыс па деген сынды халықтың ойын білу. Бір сөзбен айтсақ, елдің пікірін анықтау. Ал дәл  қазіргі уақытта әліпбиіміз әлі бекітілген жоқ. Бекітілген  күннен бастап  міндетті түрде өзгеріске енетін болады» деді.

Басқосуда  оқушылар тарапы да үнсіз қалмады. Топ мүшелеріне  өздерінің көкейлерінде жүрген «Киррилицаны оқып келген үлкендер жағы, латын қарпіне көшкен тұста  сауатсыз  болып қалмай ма?», «Латын әліпбиіне көшу елімізге не береді?» сынды сұрақтарын қойып, түщымды жауап алды.

Дәл осы күні топ мүшелері Шатырбай, Абай сынды елді мекендердің халқымен жүздесті.

Рекомендовать
Последние новости