"Тіл майданы? Ұлтшылдықты қоздырмайық". Лавров Тілеубердіге қоңырау шалды

Dalanews 19 авг. 2021 07:45 1060

Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге шұғыл қоңырау шалған Ресей СІМ-нің басшысы Сергей Лавров елдегі орыс тілінің өрісі тарылып жатқанына алаңдайтынын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Қазақстандағы орыс тілінің құқығы табанға тапталып жатқаны күйзелтеді. Мемлекеттік тілдің мүддесін қорғау мақсатында құрылған тәуелсіз ұйымдарды “бесігінде тұншықтыру” керек. “Тіл майданы” секілді қозғалыстар екі елдің арасындағы қыл етпес татулыққа сызат түсіреді, олардың жолын кескен абзал. 

Ұлтшылдықты қоздырудың артында Батыс пен АҚШ-тың сумақай саясаты жатуы әбден мүмкін. Одақтас елдердің арасында тілдік факторға қатысты дау-дамай туындамауы тиіс. 

Қазақстандағы мемлекеттік тілге мұрнын шүйіре қарайтын мекемелерді аралап, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететін тілдік патрульдердің пайда болуы Кремльге маза бермей отыр. 

Еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге қоңырау шалған Ресей СІМ-нің басшысы Сергей Лавров ілкідегі мәселелерді сөз етіп, елдегі орыс тілінің жағдайына аса қатты алаңдайтынын айтыпты. 


Бұдан бөлек Тілеуберді мен Лавров Ауғанстандағы ахуалды талқылап, оның Орта Азияға қаншалықты қатер төндіретінін таразыға тартқан. 

Ресей СІМ басшысы Мәскеудің аймақтың қауіпсіздігіне жауапты екенін, Ресей тұрғанда тәліптердің Орта Азияға маңайлай алмасын тілге тиек еткен.

“АҚШ пен НАТО жасақтары Ауғанстанды тәліптерге табыстап, осы елдегі миссиясын аяқтауы Орта Азияға әсер етпей қоймайды. Шекара маңындағы қарауылды күшейту керек, бұл қырағылықты қажет етеді. Осы орайда ОДКБ-ның маңызы арта түседі. Тәліптерге қатысты шешім шығарғанда одақтас елдердің пікірін ескерген жөн”, – деген екен Лавров. 

Ресей СІМ басшысы “Талибанның” ырыққа бағынатынын, келіссөз жүргізуге ыждағатты екенін атап өтіп, осы тараптағы Ресей саясатының дұрыстығын дәлелдеуге тырысыпты.

Тәліптер икемге көнсе, ауған жеріндегі ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан дау-дамайға нүкте қоятын мүмкіндік бар. Мәскеу аймақтағы түрлі саяси топтарды дөңгелек үстелге шақырып, диалог орнатпақ. 

Екі елдің сыртқы саясатына жауапты тұлғалар, бұдан бөлек одақтас елдердің кеңістігіндегі адам құқығы, сөз бостандығы секілді мәселелерді де талқыға салған.  

Әйтсе де Лавровтың қазақстандық әріптесіне қоңырау шалуының негізгі себебі – ілгерідегі жайтпен байланысты болса керек. 

Қазақстанда “Тіл майданы” секілді қозғалыстың құрылуы “орыс әлеміне” қауіп төндіретін фактор. 


Тілеубердімен тілдескен Лавров осы орайда тұрмыстық ұлтшылдықты ушықтырмау керектігін айтыпты. Орыс болсын, қазақ болсын одақтас елдердің арасында тілге байланысты алалауға жол бермеу қажет. 

“Әрбірден соң бұл адам құқығының аяққа тапталғанының белгісі”, – дейді Ресей СІМ басшысы. 

Сөй деген Лавров аталған мәселені назарында ұстайтынын, осы мәселе бойынша Тілеубердімен хат-хабар алмасып тұратынын мәлімдеген екен.

Қазақстанның Сыртқы министрі әріптесінің ұсынысын қабыл алып, осы тараптағы жұмысты бірлесе жүргізуге ниетті екенін жеткізген. 



Тілеубердімен тілдескен Лавров іле-шала Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевқа қоңырау соғады. Қазақбаевпен арадағы диалог қатқылдау өрбиді... 



Осының алдында әлемжеліде  клиенттің кассадағы қызметкерді ұрған видеосы тараған.

Оқиға 2 тамызда Бішкектегі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде болған. Белгілі болғандай, клиент ойынхана қызметкерлерінің біріне тиіскен.

“Ол сөреге жақындап, кассир қызға жүгінген кезде, ол оған орыс тілінде қызмет көрсеткен. Ол онымен тек қырғыз тілінде сөйлесуді агрессивті түрде талап етті”, – деген болатын ойынхана басшылығы.

Бұған Ресейдің Қырғызстандағы дипөкілдігі бірден үн қатып, қызға қол жұмсаған азаматтың әрекетін айыптаған.

Кремльдің пропаганда құралдары Қырғызстандағы орыс тілінің ресми мәртебеге ие екенін еске салып, Орта Азия елдерінде орыс тілімен байланысты конфликтілердің тым-тым жиілеп кеткенін жарыса жазған.

Бішкектегі Ресей елшілігі клиентпен орысша сөйлеген қызға араша түсіп, осынау оқиғаға қатысты дербес тергеу жүргізбек.

“Біз бұзақының сазайын береміз. Қырғызстандағы ұлтшылдық пен орыстілді аудиторияға бағытталған агрессия елдегі тұрақтылық пен татулыққа сына қағады”, – деген елшілік өкілдері...

Осыған назар аударған Лавров Қазақбаевқа Қырғызстанда орыстілді аудиторияға қысым жасалып жатқанын қынжыла хабарлаған. Елдің жаңа президенті Жапаровтың ұлтшылдарға кеңшілік жасауы, кешірілмейтін қателік.

Қырғыз жеріндегі орыс тілінің кеңістігі тарылып жатқаны, Путиннің аймаққа қатысты ұзақмерзімді стратегиясына кедергі келтіреді.


Сөй деген Ресей СІМ басшысы қырғыз билігіне елдегі орыстілді аудиторияның ашуына тимеуді ескерткен екен. 

“Ұлтшылдықты қоздырып отырғандар қудалауға ұшырасын. Елдегі орыс тілінің өрісін кеңейте түсіңіздер”, – деп бұйыра сөйлепті Лавров. 



Айта кетелік, бұған дейін Кремль Қазақстандағы “Тіл майданы” қозғалысының белсендісі Қуат Ахметовке шүйлігіп, оған Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салған. 



"Қазақстан Республикасының азаматы Қуат Ахметов пен Әзірбайжан Республикасының азаматы Исфандияр Вагабзадені Ресей Федерациясына 50 жыл мерзімге дейін кіргізбеу туралы шешім қабылданды, олар Интернет желісінде ұлтаралық алауыздықты тудыратын жария мәлімдемелерге жол берді", – делінген Ресей Ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

YouTube желісінде «Til Maydani онлайн партиясы» деген атпен ашылған жобаның қазір 20 мыңға жуық жазылушысы бар.


Арнада жарияланатын роликтерде Қуат Ахметов пен оның пікірлестері әртүрлі қоғамдық тамақтану орындарына, дәріханаларға, дүкендерге және мемлекеттік мекемелерге барып, қазақ тілінің қолданысын тексереді. 

Осыған байланысты пікір білдірген Ақорда идеологы Дәурен Абаев тіл жанашырларын “үңгірдегі адамдарға” теңеген. 

Қазақтілді аудитория Абаевты Ресейге жығып бергені үшін айыптап, елден кешірім сұрауын талап еткен. 

Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың айтуынша, азаматтар конституцияның орындалуын бақылау мақсатында өз бетімен бастама көтеріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін сауатты түрде қорғап жүр. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің құқықтарын қорғауға атсалысып жүр. 

“Абаев мырза мұны “үңгір ұлтшылдығы” деп ашық айтты. Аңдамай сөйлеген жоқ, кәдімгі арнайы хабарда шегелеп тұрып айтты. Енді мың жерден мақтаса да, жақтаса да, пропаганда машинасын қосса да еш пайда жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты саясаты осы деген сөз”, – дейді ол.

Ал Тоқаевтың көмекшісі Ерлан Қарин Абаевты ақтап пікір білдірген. 

“Біздегі ұлтшылдық мемлекетшілдікпен астасып жатуы қажет. Қоғамдық іс-әрекетіміздің өлшемі мемлекетшілдік болуға тиіс. Ұлтын сүйген адам, ең алдымен, мемлекетінің болашағын ойлауы және соған қызмет етуі керек. Біз қоғамдық дискуссияда жалаң ұраннан терең әрі байыпты диалогқа көшуіміз керек”, – деген болатын Ерлан Қарин. 

Ал депутат Қазыбек Иса атышулы Жириновскийді 100 жыл елге кіргізбеу керек дейді. Оның пікірінше Кремльдің қазақтың тіл күрескеріне үкім шығаратын құқы жоқ.

"Олардың Тәуелсіз Қазақ елінің ішкі ісінде не шаруасы бар? Қазақ тілін талап еткен қазақ күрескеріне осындай қисынсыз үкім шығаруды біздің билігіміз Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қарсы отыз жыл бойы оттап келе жатқан Жириновский, Лимонов, Никонов, Соловьевтерге неге қолданбаған?! 

 Қайта біздің кейбір мемлекеттік тілін білмейтін медиамагнаттар мен шекесі тар шенеуніктердің Жириновский мен Соловьевтерді арнайы шақырып, алақандарына салып күтіп алып жүргені қандай жиіркенішті қорлық еді!", – дейді халық қалаулысы.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости