Теңгенің құлдырауы: Расул Рысмамбетов ақша айырбасына қатысты шындықты жайып салды

Кәмшат Тілеухан 03 дек. 2024 12:19 1290

"Рубльмен табыс табатын ресейлік, сол секілді кейбір отандық компаниялар алдымен жаппай теңге сатып алады, содан соң долларды сатып алуға көшуде. Меніңше, Қазақстандағы қор биржасындағы сауда-саттықтың жоғары көлемі осымен байланысты". Осылай деген экономист Расул Рысмамбетов Ұлттық банк пен Үкімет алдында шешуі тиіс күрмеуі қиын үлкен мәселе тұрғанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазір олар кез-келген бағада доллар сатып ала береді, өйткені бұл долларды ресейлік тауарларға айырбастау өте тиімді болып тұр. Осылайша олар Қазақстанды ірі ақша айырбас орнына айналдыруда", деп жазады Расул Рысмамбетов ArtFinanz Telegram арнасында.

 

Ол қараша айының соңында Ресей Федерациясына шетел валютасы түріндегі түсімнің басты көзінің бірі болып келген "Газпромбанкке" қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін жағдай күрделене түскенін еске салады.

"Мосбиржада доллармен сауда-саттық жасауға тыйым салынды. Сондықтан рубльге шаққанда доллар құны өзгере береді, 100 рубль дейсіз бе, 1000 рубль дейсіз бе, бәрібір. Өйткені оларда доллар жоқ. Ресейдің іскерлік қауымы шетел валютасы тапшылығы қылаң бергенін жақсы түсініп отыр", - дейді экономист.

Сондықтан, ең бірінші кезекте, Ресей тарапынан долларға деген сұраныс қатты болып тұр. 

"ЕАЭО-ны есепке алмағанның өзінде Ресеймен біз белсенді түрде сауда-саттық жүргіземіз. Сондықтан ресейлік тауарларды сатып алу арнасын жабу – ақылға қонымсыз. Ендеше ресейлік нарықтағы дүрбелең ақша бағамы мен инфляция арқылы бізге келіп жете береді. Теңге бағамы рубльге байланбаған, тек Қазақстан мен Ресей экономикасы – көршілес, аралас-қоралас дегендей. Сондықтан оларда болып жатқан оқиғалардың ықпалынан біз жалтара алмаймыз. Сол себепті енді Ұлттық банк пен Үкімет шетелдіктердің банктер арқылы шаңсорғыш құсап "Қазақстаннан валютаны" сора бермес үшін ерекше шаралар қабылдауға мәжбүр болады,дейді сарапшы.

Осы жағынан алғанда,маманның айтуынша, Трамп биліктің басына келіп, Украинадағы соғыс мәселесін шешкенге дейін қыруар ресурс шығындалайын деп тұрған секілді.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Қазақстанда 23 мың ресейлік компания жұмыс істейді, оның 4 мыңы соңғы жылдары ашылған. Көрші елдің іскерлік ортасының жылы орнын суытып, үдере көшуіне санкция түрткі екені анық. 


Рекомендовать
Последние новости