Теміржолды тонаған қызметкер сотталды

Самал Асқар 29 янв. 2026 15:15

Қостанайда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тиесілі мүлікті жымқырған қызметкерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dala News.

Көлік прокуратурасының мәліметінше, Құшмұрын жол дистанциясының материалдық жауапты лауазымды тұлғасы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, теміржолды жөндеуге арналған Р-65 маркалы 40 дана накладканы заңсыз сатып жіберген. Бұл бөлшектер пойыз қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Іс прокуратураның бастамасымен көрсетілімдік форматта қаралды. Сот отырысына жол дистанциясының қызметкерлері арнайы шақырылып, стратегиялық нысан қауіпсіздігіне қол сұққандардың жауапсыз қалмайтыны көрсетілді.

Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ оған екі жыл бойы материалдық жауапты қызметтерді атқаруға тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove