Текті сөздің төресі – терме

Dalanews 20 авг. 2017 16:07 1442

Талдықорғанда Тіл  сарайында  Алматы облысының  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық  жыршы-термешілер байқауы өтті. Кеште өңіріміздің әр аудан, қаласынан  келген 15 термеші бақ сынады.

Байқаудың мақсаты – қазақ халқының мол мұрасы саналатын дәстүрлі ән өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, сақтау, өңірдің өнерлі өрендерін, жас термешілердің талантын шыңдау, шығармашылық кәсіби деңгейін өсіру, өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау.

Термешілер  өнерін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Нүсіпбай Әбдірахымов,  Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші, қазылар алқасының мүшесі Абылай Қармысов және Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Жақсылық  таразыға салды.

Кеш шымылдығын ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы  Гүлнар Бітібекова дода дарабоздарына жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.

Байқау ережесі   бойынша қатысушылар  ел бірлігі, Алашорданың 100 жылдығы, Қазақстан халқын топтастырудағы тілдің маңызды рөлі туралы көркем сөзден маржан тізіп, жүйрік ойдан жыр тоқыды.

Сайыс болған соң жеңу мен жеңіліс қатар жүреді емес пе? Бас жүлдені қарасайлық  Нариман  Әбдірахманов жеңіп алса, бірінші орын Еңбекшіқазақ ауданынан келген Жұлдыз Ысқақовқа  бұйырды. Ал екінші  жүлделі орынға  алакөлдік Рауан Ексілов пен  жаркенттік  Жандос  Мұқажан лайық деп табылды. Жүлделі үшінші орын үш адамға тиесілі болды. Атап айтсақ, Заманбек  Болатбек (Көксу ауданы), Сәуле Жұмабай (Қапшағай қаласы) және ақсулық Мамырбек Кәдірхан.

Байқаудың ынталандыру сыйлығын  Сарқан ауданынан қатысқан Құштар Серік, кеншілер қаласынан келген Тамаша Кәдірбекқызы және Лаура Қынтаева  (Талғар ауданы) иеленді.

Барлық жеңімпазға  басқарманың ақшалай сыйлығы мен арнайы дипломы табыс етілді.

Рекомендовать
Последние новости