Тексіздік? Шалдар тыйылмайынша, жастар түзелмейді - Шарманов

Dalanews 25 мар. 2021 05:05 1902

"Қазір біз биліктің айналасына, тіпті кішігірім шенеуніктік қызметке жастар барып жатса қуанамыз" дейді қазақ тағамтану академиясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Төрегелді Шарманов. 

Оның айтуынша жастардың өскені, өрбігені жақсы. Алайда сол жастардың арасында лауазымды қызметке қолы жетсе, сол қызметпен бірге туылғандай болып, өздерін бір күнде сондай бола қалғандай сезініп, сол қызметтен айырылып қалмаудың жолында анаған да жағымпазданып, мынаған да жағымпазданатындарының бары көңілге кірбең түсіреді.

"Әр адам мейлі жасы болсын, үлкені болсын өзінің тегін, шыққан ортасын, түп-тамырын білуі шарт. Жалпы, қазақ текті халық қой. Сол текті халықтың тілін, тарихын, мәдениетін, мүддесін менсінбеу – тексіздік.

Мұндай тексіздікке жол бермеуі үшін қалталылар, шенділер мен шекпенділер бірін-бірі қолдап, халықтың мүддесін ұмытуды доғару керек!

Жастарға сын артпас бұрын алдымен алдыңғы буын жағымсыз әрекеттерден тыйылуы керек.


Алдыңғы буын арасында жарыса той тойлау, орынсыз науқаншылдыққа салыну, даңғойлық, көрсеқызарлық, әсіреқұмарлық тыйылмай жастарды жөндеу қиын", – дейді Төрегелді мырза. 

Бұдан бұрын Қамшыға сұхбат берген Шарманов қоғамды жайлаған жемқорлық, әсіре науқаншылдық, той тойлап дарақылану, қайырымдылық жасауды өзін жарнамалаудың бір түріне айналдырып алғандар туралы айтқан. 

"Қазіргі жемқорлықтың құлқыны өте кең. Қоғамда «түйені түгімен жұтатындар» көбейіп кетті. Негізінде, бұл жаман қасиет қазаққа тән емес еді. Мына мен өз басым біраз кезеңді басымнан өткердім. Кеңестік кезеңде біреудің бір артық нәрсесін көрсе ол талқыға салынатын, тексерілетін, жауапқа тартылатын. Ол кезде қазақ баласы пара беруде де, пара алуда да епсіз болатын.

Қазір өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамнан пара сұрайтын халге жеттік.


Бұған қатысты біреулер жалақысының аздығын, отбасын асыраудың машақатын айтып ақталады. Бірақ жалақысы қомақты, отбасын асырауға толық қабілетті, қолынан іс келетін жоғарыда отырғандардың да осы дертке ұшырағаны жасырын емес. Сайып келгенде, бәрінің тонайтыны – қара халық. Сол қара халықтың парақорға жем болып жатқанын көргенде «қандай заманға тап болдық» деп баз кешетінім де рас", – деген еді ол. 

Оның пікірінше біреудің мерей тойының тойланғанынан ұлттың мәртебесі артпайды.

"Тіпті осындай дарақы тойлардан қалыспаймыз деп қайсыбір ағайын қарызданып қауғаланып той жасайды. Мұндайдан тыйылатын кез әлдеқашан өтті. Қазір той тойлап «әлеулейтін» заман емес. Қазір ақпараттық технологиялық даму ғасыры. Өзге елдер осы көштен қалыспауы үшін ғылым-білімін, мәдениетін, экономика сын же тілдіріп әлек. Біз әлі той-тойлаудың айналасында жүрміз", – дейді Шарманов. 

Рекомендовать
Последние новости