Астанада Тәуелсіздік күніне орай азаматтардың жекелеген санатына біржолғы ақшалай төлем беріледі. Әлеуметтік көмек 1986 жылғы 17–18 желтоқсан оқиғасына қатысқан, саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде танылған азаматтарға қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Біржолғы төлемнің мөлшері 60 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. 2025 жылғы есеп бойынша бұл 235 920 теңге.
Аталған төлем Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы шешімімен бекітілген, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. Құжатта мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері айқындалған.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасының “Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы” заңына сәйкес ақталған, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарға 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
