"Қазақтелеком" АҚ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысында бір акцияға бұрын-соңды болмаған дивиденд көлемі бекітілді: 2024 жыл үшін 1 акцияға 6741,14 теңге және өткен жылдары берілмеген дивиденттер бойынша 19 923,74 теңге, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2024 жылғы жылдық таза кіріс 74,19 млрд теңгені құрады, ал өткен жылдардың бөлінбеген пайдасы - 219,3 млрд теңге. Нәтижесінде бір акцияға белгіленетін дивиденд мөлшері 26 664,88 теңгені құрайды. Бұл - "Қазақтелеком" акциялары бойынша тарихи рекорд!"- деп жазды Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығы (QAMS) Telegram-дағы арнасында.
2025 жылғы 1 сәуірдегі KASE деректері бойынша, "Қазақтелеком" АҚ-тың мажоритарлық акционері "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ болып табылады (жай акциялардың 80,85%-ы немесе барлық акциялардың 71,32%-ы). Telecom Systems LTD жекеменшік компаниясына 9,19% жай акциялар немесе барлық акциялардың 8,1%-ы тиесілі. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, "Қазақтелеком" АҚ-тың 10,7 млн қарапайым және 298 785 артықшылыққа ие акциялары айналымда жүр.
Бұған дейін сайтымызда 2025 жылдың І-тоқсанында Қазақстандағы нақты айлық жалақы көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,2%-ға өскенін, жалақы өсімінің негізгі драйвері – телекоммуникация саласы екенін жазғанбыз.