Тараздағы кейбір студент-жастар облысты әлі Бозымбаев басқарады деп жүр

Dalanews 13 апр. 2016 20:57 1005

Жамбыл облысының  студенттері облыстың әкімі кім екенін әлі күнге білмей жүр. Мұндай масқараны Тараз қаласындағы №12 кәсіптік колледжінің білімгерлері шығарып, жерге қаратуда. Білдей-бір оқу орнының студенттері  облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтан бастап, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровты, одан қалса Білім және ғылым министірі Ерлан Сағадиевті  танымайтын болып шықты. Танымайтыны былай тұрсын, олардың есімін өмірі естімегендерін айтуда.


Әңгіменің әлқиссасын арыдан бастасақ, жуырда облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев №12 кәсіптік колледжінің студенттерімен кездесіп, Отанды сүю, патриотизм тақырыбында дәріс оқыған болатын. Басқарма басшысы  дәрісін бастамас бұрын жиылған жастардан жаңадан тағайындалған Білім және ғылым минстірінің есімін сұраған еді. Алайда бұған студенттер үнсіздікпен жауап берді. Бәлкім жаңа министрдің есімін студенттер  жаттап үлгермеген болар деген оймен  басқарма басшысы бұдан кейін бұрынғы білім министірі Аслан Сәрінжіповтың есімін сұрады. Бірақ, бұл сұраққа «ләм-лим» деп жауап берген ешкім  болмады. Ашынып кеткен Еркебұлан Есенғалиұлы: «Тым болмаса, облыс әкімінің, өз қаламыздың әкімінің аты-жөндерін білесіздер ма?», – деп сөзін нықтай түсті. Алайда бұл сауалға да жастар бірауыздан «жоқ» деп жауап берді. Тек, бір ғана студент «Бозымбаев» деп жерден жеті қоян тапқандай орнынан тұра келіп, бәрімізді жерге қаратты. №12 колледждің сыртқы көрінісі


dalanews Taraz01Иә, осылайша жамбылдық білімгерлер облысты әлі күнге Бозымбаев басқарады деп ойлап жүр. Бұл әрине ең бірінші колледж басшылығы мен ұстаздарының жауапсыздығы мен сауатсыздығы екені анық. Әйтпесе, өңірді тұп-тура екі жыл басқарған облыс әкімін танымау деген ұятты іс. Ал оқу орындарына  Білім және ғылым министірін білмеу деген үлкен сын. Бұл мәселеге қатысты №12 колледжінің директоры Марат Ашимовке хабарласып, оқу орны студенттерінің не себепті білімсіз екенін сұраған едік.  Алайда ол кеткен кемшілікті  мойындаудан гөрі, студенттерін «сүттен ақ, судан таза» қылып шығаруға тырысты.


– Бізде негізі кәсіптік бағыттағы мамандықтар оқытылады. Сондықтан колледжімізді педагогикалық университеттермен салыстыруға келмейді. Студенттеріміз өте ұяң. Сырттан біреу келсе, біліп тұрған нәрсесін айта алмай қалады. Бір жағынан  олардың министрді немесе облыс, қала әкімінің есімін  білмей қалғанына колледж директоры кінәлі емес шығар? – деп өзімізге бәле салды. Ол аз десеңіз, «Егер қала  әкімі  өзінің рейтингін көтергісі келсе жұмыс жасасын» деп шаһар басшысы Нұржан Календеровке жөн сілтеп, тағы қызыққа батырды.


Осылайша №12 арнаулы орта оқу орнына жауапты деген басшыдан бас шайқайтын жауап естідік. Тіпті, колледж директоры білімгерлерінің білімсіздігіне өзін кінәлі  емес санайды екен. Міне, ғажап. Сонда студенттердің сауатты білім алуына басшы жауапты болмағанда, кім жауапты?


Жалпы  жастар басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаевтың айтуынша, мұндай жағдай барлық оқу орындарында орын алуда екен. Әсіресе  шалғай елді мекендердегі колледж студенттері  жоғарыда аталған басшылардың есімін мүлде естімеген көрінеді.


Қалай дегенде де, бұл бей-жай қарайтын мәселе емес. Өйткені №12 колледж студенттері мемлекет қаржысына тегін тәлім алып, оған қоса  тегін тамақ пен жатын орынмен қамтылған. Үкімет тарапынан осындай қамқорлық жасалып жатқанда білім министрі, облыс әкімі, қала басшысының аты-жөнін білмеу масқара.  Мұндай жастардан ертең білікті маман шығады деп қалай айта аламыз?  Мүмкін, күні ертең «мен кінәлі емеспін» деп аттонын ала қашатын Марат Ашимовтай директорымен колледж студенттері Елбасының да есімін жатқа айта алмайтын күйге жетер? Сондықтан жауапты сала мамандары бұл мәселені тез арада  қолға алып, жүгенсіз кеткен колледж директорын жөнге келтіруі  қажет.


Бұған облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова не дер екен, ә?


Саятхан САТЫЛҒАНОВ


Дереккөзі: elana.kz


Рекомендовать
Последние новости