Танымал меценат Оралбек Ботбай студенттерге шәкіртақы тағайындады

Dalanews 09 сент. 2018 04:58 1551

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі кәсіпкер, меценат Оралбек Ботбай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерімен кездесу кешін өткізді.

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Тұлғатану» қоғамдық жобасы ұйымдастырып отырған шарада меценаттың өмірі және қызметі және жетістікке жету жолдары туралы «Өмір өзен» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, филантроп, «Құрмет» орденінің иегері Оралбек Ботбай оқу орнының үздік студенттеріне шәкірақы тағайындап, жастардың білім алуға деген құлшынысын арттырды. Осы шара аясында шәкіртақыға ие болған үздік студенттерді марапаттау рәсімі өтті.

Аймақтық менеджмент академиясының профессоры, «Тұран» колледжі қамқоршылар кеңесінің мүшесі, білім саласын дамыту жөніндегі сарапшысы, «Құрмет» орденінің иегері Оралбек Ботбайдың мұндай жұртшылыққа жанашырлық танытып отырған шаралары елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Ол бұған дейін де талай еліміздің мәдениет және білім саласын дамытуға айтарлықтай үлесін қосып келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында оның Тәуелсіз Қазақстанның гуманитарлық ғылымдар саласына қолдау танытып, бизнес пен әкімшілік басқару саласындағы жетістіктері жиі жазылған.

Осы ретте оған мәдениет және білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін және Тәуелсіз Қазақстанның гуманитарлық ғылымдар саласына қолдау танытып, әкімшілік басқару саласындағы еңбегі ескеріліп, Аймақтық Менеджмент Академиясының қауымдастырылған профессоры атағы беріліп, «Профессор» төсбелгісі табыс етілген.

Оралбек Қожамжарұлының өмір, еңбек жолдарын зерделер болсақ, ол 1967 жылы 27-сәуірде ОҚО, Алғабас ауданы (қазіргі Бәйдібек ауданы), Қошқар Ата ауылында дүниеге келген. 1991 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы Мемлекеттік театр және көркем сурет институтын бітірген. 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін заң ғылымдарының бакалавры дәрежесімен тәмамдап, еңбек жолын Алматыдағы Фрунзе аудандық ЛКЖО хатшысы қызметінен бастаған. Әр жылдары бизнес саласы мен мемлекеттік органдарда қызмет еткен. Бизнесті жүргізуде бай тәжірбиесі бар. 2011 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Астана қаласындағы «Тұран» колледжі қамқоршылар кеңесінің мүшесі, білім саласын дамыту жөніндегі сарапшысы. 2016 жылдан бері «Source Energy», «Source Invest Company» ЖШС бақылаушылар кеңесінің Төрағасы қызметін атқарып келеді.

Көрген мен түйгені мол кәсіпкер «Нұрлы нөсер», «Келешекке жетелеген жеті сапар», «Нысап сайын береке» атты біршама кітаптардың авторы.

Тәуелсіз Қазақстанның дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан Оралбек Қожамжарұлының еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2007 жылы белгілі кәсіпкер, меценат ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденіне ие болды. Бұл – өз саласында жоғары білікті, кәсіби шеберлік танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарға берілетін марапат. Сондай-ақ ол «Астананың – 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, ҚР Премьер-Министрінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталған.

Оралбек Ботбайдың академиялық жетістіктері, қоғамдық белсенділігі мен халыққа жасаған көмегі, қайырымдылық шаралары да атан түйеге жүк боларлықтай салмақты. «Ауыл жылы» бағдарламасы аясында ол Борлысай, Ақтас, Кеңсай мектептерін қажетті құрал-жабдықпен, компьютермен қамтамасыз етті. «Мәдени мұра» бағдарламасына орай, Қошқар Ата кесенесін тұрғызып, 300 адамға Қожамжар ата – Пернекүл апа мешітін салып берді. Маңғыстау, Семей, Шымкент, Астана өңірлерінде Республикалық ақындар айтысын өткізіп, оны Стамбул (Түркия), Үрімшіде (Қытай) жалғастырды. Шымкент қаласында  А.Асқаров атындағы ат бәйгесіне бас жүлде темір тұлпарға демеушілік жасап, сол жылы Сарығаш ауданында болған көктемгі су тасқынына Бәйдібек ауданының атынан 10 млн.теңге аударды. Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне ОҚО, Бәйдібек ауданының 40 оқушысының көрме жұмысын тамашалауына толықтай қаржылық көмек көрсетті. Аталған аудан ардагерлерін Астана қаласына әкеліп, түрлі мәдени шараларға демеушілік жасады.

«Тұран» колледжі мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының 15 студентіне өз атынан стипендия тағайындап, оқу ақыларын төлеп берді.

Бұл кәсіпкердің елге жасаған қайырымдылық шараларының бір парасы ғана. Әйтпесе, айта берсек, оның халыққа жасаған көмегі, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі тым көп. Оның бәрін мақалада айту мүмкін емес Сондықтан осы жерден тоқтағанды жөн санадық. Бір қуанарлығы, мұның барлығын кәсіпкер жарнама үшін немесе басқа да мақсат үшін жасамайды. Өзінің парызы деп түсінеді. Сондықтан оның жасаған игі істері басқа да кәсіпкерлерге үлгі болса екен деп тілейміз.

 

 

Рекомендовать
Последние новости