«Таңбалы» музейінде «Сапар» орталығы ашылды

Dalanews 26 нояб. 2020 13:34 1180

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Таңбалы»  мемлекеттік тарихи- мәдени қорық музейінде «Сапар  орталығы» ашылып, «Жетісудың жартас өнері» атты  ғылыми тәжірибелік конференция өтті.

Ғимараттың ашылуына ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Алматы облысының әкімінің орынбасары Рустем Әли, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев, Қазақстан мәдениетінің  ғылыми зерттеу институтының директоры Досбол Байқонақов және Министрлікке бағынысты мекеме басшылары, өзге де қонақтар қатысты.

«Таңбалы» қорық музейінің «Сапар  орталығы» 2018-2019 жылдары салынды. Биыл көрме залын музейлендіру жұмыстары жүргізілген. Заманауи үлгіде жабдықталған  жаңа орталықта көрме залы, конференция залы, зертхана, кітапхана, кеңсе, келушілер үшін асхана және қонақүй бар.

Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы  1478,9 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың сыртында 5 киіз үй тігілген дәстүрлі этноауыл бар. Онда қазақтың дәстүрлі қолөнер, зергерлік, аңшылық   өнері, тұрмыс-салт бұйымдары жайлы мағлұмат алуға болады.

Сонымен қатар «Жетісудың жартас өнері» атты ғылыми тәжірибелік конференцияда «Таңбалы» қорық-музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ринат Шарипов «Жетісу аумағындағы жартас суреттерін музейлендіру», археология ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультеті археология-этнология кафедрасының меңгерушісі Ринат Жұматаев «Археологиядағы жартас өнерінің ерекшелігі», тарих ғылымының кандидаты, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология иститутының жетекші ғылыми қызметкері Алтын Уалтаева «Жартас бейнелерінің мән-мағынасы», Қазақстанның Еңбек сіңірген экскурсоводы Бақыт Оразымбетова «Туризмді дамытудағы «Таңбалының» маңызы» тақырыбында баяндама жасады.

Рекомендовать
Последние новости