Талғардағы трагедия: қайғыдан қан жұтқан Шерзаттың ата-анасы жолды жабуға мәжбүр болды

Қаракөз Амантай 08 окт. 2024 11:00 2680

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзаттың ата-анасы Талғар ауданы әкімдігінің алдындағы жолды жауып тастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олар қылмысқа қатысқандардың барлығын ұстап, жазалауды талап етіп отыр.

Әлемжеліде тараған ақпаратқа сүйенсек, марқұм жігіттің әкесі мен анасы, басқа да жақындары әкімдік алдындағы жолды жауып тастаған.

“Талғарда шу шығып жатыр. 16 жастағы жігітті бақилық қылған күдіктілерді ұстаған. Алайда бәрі босатылып, біреуі ғана қылмысты өз мойнына алып отыр. Ал марқұмның ата-анасы барлығы бірдей заң алдында жауап берсін деп дабыл қағуда. Құдай сақтасын, аман болайық!”, - дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

Еске салайық, қайғылы оқиға 4 қазанға қараған түні болған еді. Суық қару асынған бір топ жігіт марқұм жасөспірімге, оның ағасы мен әкесіне шабуыл жасаған.

Шерзаттың әкесі жалға дүкен алып, сауда жасаумен айналысатын. Арты өліммен аяқталған төбелес осы дүкеннен басталған.

Бір жігіт дүкенге келіп, бір құты сыра алып, ақшасын төлемей кете барған. Шерзаттың әкесі сыраның ақшасын төлеуді талап еткен кезде жанжал туындаған.

Шерзат осы сәтте клиенттің дүкеннен шығып кетуін сұраған. Бірақ сыра алған жігіт достарына қоңырау соғып, дүкенге үш көлікпен бір топ жігіт келген. 

Бір топ жігіт Шерзатты тепкілей бастаған. Бұл сәтті тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты. Қансыраған бір отбасының мүшелері ауруханаға жеткізілген. Көп ұзамай Шерзат жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Осы тұста марқұмның әпкесі Бақыт Реймова полицейлер төбелеске қатысушылардың бәрін әлі қамауға алмағанын айтады. Ол құзырлы органдардан күдіктілердің бәрін ұстап, көрсетуін талап етіп отыр.

"Егер резонанс жасамасақ, бізді ешкім естімейді. Інім әскери қызметкер болғысы келді. Қаншама армандары ішінде өзімен бірге кетті. Сондай өкінішті жағдай. Бұлай болмауы керек еді", - дейді Бақыт Реймова.

Оның айтуынша, Шерзатты күдіктілер айуандықпен өлтірген. Қансырап жатқанында күдіктілердің біреуі артынан келіп, автоматпен ұрған екен. 

"Мәйітті өз көзіммен көрдім. Баланың басы қақ айырылып кеткен. 30-ға келген еркектер 16-дағы жасөспірімге жабылған. Әкесін сабап, бауырымды үш жерден пышақтап кеткен. Бір сыра бермегені үшін өлді. Масқара ғой. Әкесіне қорған болғаны үшін өлтіріп кетті. Енді оларды неге шығарып жібереді? Әділдік қайда? Қай мемлекетте өмір сүріп жатырмыз? Осылай біздің балаларымыз өліп кете бере ме? Бұл не деген сұмдық?", - дейді марқұмның әпкесі.

Шерзаттың туыстары кемінде 13 күдікті барын айтады. Алайда полиция 7 адамды ғана ұстапты. Оқиға орнында болған Шерзаттың әкесі де мәлімдеме жасады. Ол әділ сот талап етті.


Рекомендовать
Последние новости