Талғардағы оқиға: Шерзаттың әкесі күдіктілерге қатысты жаңа арыз түсірмек

Көркем Алдабергенова 31 мар. 2025 11:51 13878

Талғардағы жанжал кезінде көз жұмған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне қатысы бар деген күдіктілерге қатысты қосымша арыз дайындап жатыр. Бұл туралы жәбірленуші тараптың жаңадан қосылған адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Іс материалдарымен таныса келе, біз бұл қылмыстық іс аясында азаматтық талаптың берілмегенін анықтадық. Қазір сол талапты әзірлеп жатырмыз. Бұл әрекет Қаржаубай мырзаға қаржылай өтемақы алу үшін емес, қамауда отырған күдіктілерге үкім шыққан соң олардың мерзімінен бұрын босап кетуіне жол бермеу мақсатында жасалып отыр, – деді Шекеев.

“Оқиға орнында болған екі қыз қайда?”

Адвокат қоғамда қызу талқыланған бір сұраққа да жауап берді.

– Халықты алаңдатып отырған маңызды сұрақтардың бірі – оқиға орнында болған екі қыздың тағдыры. Олар әлеуметтік желілерде күдікті ретінде көрсетілгенімен, іс материалдарына сәйкес, тек куәгер ретінде жауап берді, – деді қорғаушы.

Мейірман Шекеевтің айтуынша, бұл қылмыстық іс бойынша 9 адам күдікті ретінде танылған. Соның ішінде біреуі – кәмелет жасына толмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы — қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған. Ал жәбірленушілер саны – алты. Олардың екеуі – Шерзат пен Нұрқанат.

Еске салайық, бұған дейін Шерзат Полаттың өліміне байланысты қылмыстық іс сотқа түскені хабарланған болатын.

Қазіргі таңда жәбірленуші тараптың құқығын қорғайтын адвокаттар тобы құрылған. Бұл құрамда Мейірман Шекеевтен бөлек, Әлім Мұстапаев, Жандос Палманов, Бекзат Ниязов, Бағдат Амандосұлы, Нұрболат Ибраев және Дина Досаева бар.


Рекомендовать
Последние новости