Сиыр етінен екі есе арзан: киік етіне қандай баға қойылмақ?

Қаракөз Амантай 16 июл. 2025 15:08

Қазақстанда киік етінің нарықтағы бағасы 1600 теңге болуы мүмкін. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алайда аталған сома әзірге тек ұсыныс.

Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бүгінде елімізде 18 ет өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Болашақта киік етінің құны логистикалық шығындар мен өндіріс процесіне қарай өзгеруі ықтимал.

Егер министрлік ұсынған баға қабылданса, киік еті нарықтағы ең қолжетімді ет түрлерінің қатарына енуі мүмкін. Мысалы, қазіргі таңда:

  • Сиыр етінің келісі шамамен –3095 теңге,
  • Қой еті – 3000–3100 теңге,
  • Құс еті – 1496 теңге тұрады.

Салыстырмалы түрде алғанда, киік еті сиыр етіне қарағанда екі есеге жуық арзан болуы ықтимал.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 800 мыңға жуық ақбөкен аулануы мүмкін екені хабарланған еді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

“Ғылыми негіздемеге сәйкес, бүгінгі таңда бүкіл популяцияның 20 пайызын табиғи ортадан алу ұсынылып отыр. Көктемгі есеп қорытындысы бойынша, Қазақстандағы ақбөкен саны ресми түрде 3,9 миллионға жетті. Оның ішінде 2,3 миллионы – Орал популяциясына, 1,6 миллионы – Бетпақдала популяциясына, ал 78 мыңы – Үстірт популяциясына тиесілі. Жалпы алғанда, біз 4 миллионға жуық, нақтырақ айтсақ, 3 млн 978 мың деп есептейміз. Осыған сәйкес 800 мың ақбөкенді ату көзделіп отыр”, — деді министр.

Министрдің айтуынша, жануарлардың жынысы мен жасы да нақты белгіленген.

“40% – аталықтар, 40% – аналықтар, 20% – биыл туған төлі. Яғни, қазіргі таңда бізде барлық есеп, параметрлер нақтыланған. Өткен аптада ғылыми негіздемені ресми түрде алдық. Бүгін ұйымдастырушылық мәселелерді талқыладық. Бір-екі күн ішінде шешімімізді ресми түрде жариялаймыз”, — деді Ерлан Нысанбаев.

Сондай-ақ министр ақбөкен етін өңдеуге арналған жеке ет комбинаты салынуы мүмкін екенін айтты.

“Мұншама көлемде жануар алынса, етін өңдеу мәселесі өте маңызды болмақ. Сондықтан бүгінгі таңда біз жергілікті құрылымдармен бірлесіп, ақбөкен етін қайта өңдейтін ет комбинаттарын салу бойынша инвестициялық жобаларды пысықтап жатырмыз. Қазіргі таңда бұл бастамаға алтыға жуық компания қызығушылық білдірді”, — деді ол.


Рекомендовать
Последние новости