Цифрландыру ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырады

Dalanews 21 февр. 2024 18:00 2128

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласын басқаруды жетілдіру арқылы әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығаруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және саладағы еңбек өнімділігін арттыратын мүмкіндіктерге ие болады. Ауыл шаруашылын дамыту – үнемі мемлекеттің назарындағы маңызды сала. Елімізде осы бағытта көптеген салалық реформалар жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.

Бұл тұжырымдама ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Мәселен, ауыл шаруашылығы құрылымдарын дамыту, ауыл халқын жұмыспен қамту, әлеуметтік игіліктерге қолжетімді ету бойынша міндеттерді жүзеге асыру, қолайлы өмір сүру ортасы мен ауылдың ішкі және сыртқы ортасын білу арқылы бәсекеге қабілетті әлеует қалыптастыру бағыттарын қамтиды. Интеграция мен жаhанданудың күшеюі жағдайында еліміздің 5 экономикалық аймақтың 17 облыс, оның 167 ауданындағы 235001 шаруа, фермерлік қожалықтарды бәсекеге қабілетті өнім өндіруге бағыттау міндеті қойылып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты – еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру. «Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары: өңдеу саласына қатысты жобалар; өсімдік шаруашылығын дамыту; ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау; мал шаруашылығын дамыту; бизнес жобалар, т.б. Ауыл тұрғындарына микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын номиналды сыйақы мөлшерлемесімен жеңілдікті шарттар бойынша шағын несие беруді қамтамасыз етеді. 2023 жылы бағдарлама арқылы 75,5 млрд теңгеге 12,2 мың шағын несие беріліп, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бағдарлама бойынша 2024 жылы ауыл тұрғындарына 100 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Қазақстан – индустриалды-аграрлы мемлекет. Елімізде егістік жерлердің аумағы 24 млн гектар, жылына орташа есеппен 17-20 млн тонна аралығында астық жиналады, оның 7 млн тоннасы ішкі қажеттілікке және 8-10 млн тоннасы экспортқа жіберіледі. Бүгінгі кезде өңірлерде 17 тәжірибе станциясы өсімдік және мал шаруашылығы салалары бойынша өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізіп, оң нәтижелерін өндіріске ұсынуда. Асыл тұқымды қой түрін шығаруға 10-15 жыл, көкөністің жаңа сортын шығаруға 11-12 жыл уақыт кетеді екен.

Қазіргі әлемнің жаhандану үрдісі жағдайында инновациялық технологиялар өте жылдам даму үстінде. Әлемнің дамыған елдерімен бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы саласын қалыптастыру мемлекетімізді дамытудың басым бағыты болуы керек. Елімізде оның алғы шарттары бар: 9,6 млн еңбек ресурсы, 24 млн егістік алқабымыз, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуді қажетсінетін шикізаттар (астық, ет, жүн, мақта, сүт, тері), т.б. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы шикізат ресурсына бай (2023 ж.): тері – 11298599 дана, оның 30 % (3354825) – ірі тері, 70% (7941122) - ұсақ тері; қой жүні – 39371 тонна; мақта – 326582 тонна, сүт көлемі – 6 млн тонна, күнбағыс дәні – 324873 тонна. Мол шикізат көзі ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытудың әлеуетін арттырудың үлкен мүмкіндігі.

Еліміздегі 20 млн халықтың 37,8% ауылдық жерлерде тұрады. Елдегі 6295 ауылдық елді мекендердің орналасу ерекшеліктері ретінде ауылдардың бір-бірінен шалғай орналасуы мен әр түрлі жағдайы, еңбек ресурсының біркелкі орналаспауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік және тағы басқа объектілердің тапшылығы, ауыл шаруашылығының (өсімдік) маусымдық болуы т.б. айтуға болады. Халықтың қоныстануындағы айырмашылықтар ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек ресурстарын пайдалану тиімділігін арттырудағы ескеретін маңызды факторға жатады.
Зерттеу деректері көрсеткендей, 17 облыста 235001 шаруа қожалықтары жұмыс жасап жатыр, оның: оңтүстікте – 66,7% (Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан); батыста – 10,4% (Ақтөбе, Атырау, БҚО, Маңғыстау); солтүстікте – 9,6% (Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО); шығыста – 7,9 % (Абай, ШҚО); орталықта – 5,4% (Қарағанды, Ұлытау). Өткен 2023 жылы 17,1 млн тонна астық жиналды. Еліміз жылына 350 мың тонна алма тұтынады екен, соның 260 мың тоннасын отандық шаруалар өсіреді, қалған 90 мың тоннасы импорттан келеді. Дегенмен, 2023 жылы 100 мың тонна алма өңдеудің болмауынан бақтарда қалып, фермерлер біраз шығынға батты.

Елді мекендерді дамытуда жергілікті билік басты рөл атқаруы тиіс. Олардың бастамасынсыз, жергілікті жердің ерекшеліктерін білмей, ауылдың әлеуметтік-экономикалық деңгейін жақсарту мүмкін емес. Жергілікті басқару жүйесінде 2022 жылы 600 елді мекеннің, 2023 жылы 45 ауданның әкімдерін тікелей халық сайлады, ең бастысы ауылдық әкімдердің бюджеті қалыптасты. Әкімдіктер жергілікті шикізатты пайдалану негізінде шағын және орта кәсіпорындарды дамытудың басым бағыттарын анықтауды қоғамдық комитеттер құра отырып, бірлесіп шешуі тиіс. Мұндағы тәжірибе алмасу мен күш-жігерді үйлестірудің маңызы зор.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытудың тиімді стратегияларының негізі ретінде артықшылықтарды алу үшін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, келесі факторлар ескерілуі тиіс. Оның ішінде ірі қалалардың немесе автомагистралдардың (халықаралық, республикалық, облыстық) жанында орналасуы дамуға көптеген мүмкіндіктер жасайды. Біріншіден, бұл қоғамдық тамақтандыру қызметі, жергілікті қолөнер бұйымдарының саудасы; екіншіден, қала тұрғындарын, қашықтан жұмыс істейтін компания қызметкерлерін жұмысқа тарту мүмкіндігі; үшіншіден, ірі логистикалық компаниялардың сатып алу инфрақұрылымын, сақтау қоймаларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін жергілікті өңдеуді орналастыруға мүмкіндік жасайды.

Ауыл шаруашылық саласында кадрлық әлеуетті қалыптастыру өте өзекті болып отыр. Қазіргі кезде ауылдағы кадрлық әлеуетті дамыту басшылар үшін ең маңызды құзірет болып табылады. Ол кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын қолдауды, еңбек пен кәсіпкерлікті ынталандыруды, ауылдық елді мекендердің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруды қамтиды. Өмір сапасын қамтамасыз ету табысты кәсіпкерлер мен еңбек ресурстарын, оның ішінде жастарды, ауылдарда ұстап тұрудың басты шарты болып табылады. Ол әлеуметтік саланы, инфрақұрылымдық қызметтерді, көліктің қолжетімділігін дамытудың бүкіл кешенін қамтиды.
Мемлекет тарапынан шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіруді қолдау тетіктері бар. Кооперативтерге техника, тұқым, жанар-жағар май, инновациялық технологияларды енгізу (суды үнемдеп қолдану) мал мен өсімдік саласындағы зерттеулерге мемлекет тарапынан жеңілдетілген қаржы ресурстарын беру тетіктері қарастырылған. Неғұрлым ауыл шаруашылық дақылдары өнімін терең өңдеу көбейсе, азық-түлікті өңдеуге баға төмендейді. Ең бастысы ауылдық жердегі халықтың әлеуметтік-экономикалық деңгейі өседі және табысы молаяды.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың басты міндеттерінің бірі – цифрландыру.

Цифрландыру арқылы дәлме-дәл егіншілік арқылы егін жинауға арналған оңтайлы уақытты болжау технологиялары, "ақылды суару", зиянкестермен, арамшөптермен күресу және минералды тыңайтқыштарды енгізудің дифференциалды жүйелерін және инновациялық технологияларды қолдану арқылы еңбек өнімділігінің бірнеше есе артуын қамтамасыз етуге болады. ҚР цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру арқылы аграрлық секторды дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаруға, ел экономикасының драйверіне айналдыруға әлеуеті бағытталады.

Әлемдік деңгейдегі іргелі және 90 жылдық тарихи әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің "Менеджмент" кафедрасында 3 деңгейлі даярланып жатқан "Мемлекеттік және жергілікті басқару" және "Менеджмент" білім беру бағдарламалары ауыл шаруашылығы саласында инновациялық жаңа технологияларды басқару жүйесін зерттеулерге және деректер базасын құру платформасына тікелей қатысуда. Даярланып жатқан білікті басқару мамандары кәсібилігі мен біліктілігі арқылы ауылшаруашылық саласына ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық стратегиялық міндеттерді қоя білуге, инновациялық әдістер мен тәсілдердің тиімділігін анықтай алуға, ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге өз күшін бағыттайды.

Оңалбек АБРАЛИЕВ
Экономика ғылымдарының докторы,
профессор


Рекомендовать
Последние новости