Сиднейде мұсылман азаматы халықты террористерден құтқарып қалды

Көркем Алдабергенова 15 дек. 2025 09:40

Сиднейде мұсылман азаматы Ахмед әл-Ахмед халықты террористерден құтқарып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Сиднейлік жеміс сатушы, мұсылман Ахмед әл-Ахмед, отбасының айтуынша, өмірінде ешқашан қолына қару ұстап көрмеген. Соған қарамастан, ол жалғыз өзі тәуекелге барып, террористі залалсыздандырып, оның мылтығын тартып алып, осылайша көптеген адамның өмірін сақтап қалды.

Ахмед әл-Ахмед 43 жаста, қаруды қолдануды білмейді және жеміс сататын дүкен ұстайды. Сиднейде атыс жасағандардың бірін жалаң қолмен тоқтатқан бұл адам туралы мәлімет аз.

Екі баланың әкесі Ахмед әл-Ахмедтің ерлігі видеоға түсіп қалған. Жазбада ақ футболка киген ер адам сол. Кадрда әл-Ахмед мергендерді сырт жағынан көріп, олардың біріне қарай жүгіріп барып, мылтығын жұлып алады. Осылайша ол көптеген жанның өмірін аман алып қалады.

Одан кейін әл-Ахмед қаруды шабуылдаушыға бағыттайды, ал ол қашып кетеді. Ер адам мылтықты ағашқа сүйеп, қолын жоғары көтеріп, полицияға өзінің бұл шабуылға қатысы жоқ екенін ишарамен білдіреді. Дәл осы сәттерде батыр екінші мергеннен екі рет жараланады: аяғы мен қолының саусақ тұсынан оқ тиеді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ер адамға жеке алғысын білдірді.

«Біз батыл адамның әрекетін көрдік. Ол мұсылман екен. Мен оған құрмет көрсетемін. Ол террористердің біріне жазықсыз еврейлерді өлтіруге жол бермеді», – деді Нетаньяху.

Нетаньяху сонымен қатар Австралиядағы әріптесі Энтони Албанизеге елде жүргізіліп жатқан саясаттың «антисемитизмді өршітіп отырғанын» ескерткенін айтты. Израиль билігі полиция террористік акт деп бағалаған бұл шабуылдың ықтимал тапсырыс берушілеріне қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Әл-Ахмед ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалды. Отбасы оның жақын арада сауығып кететініне үміттенеді.

Сиднейдегі теракт салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың бірі – шабуыл жасағандардың өзі. Тағы шамамен 30 адам жарақат алды. Қара киінген белгісіз ер адамдар Бонди-бич жағалауында Ханука мейрамын атап өтіп жатқан жергілікті еврей қауымдастығы өкілдеріне оқ жаудырған.


Рекомендовать
Последние новости