Сұрамшақ

Dalanews 16 июн. 2015 01:22 1082

Еліміз нарықтық қатынастар орнаған күннен бастап кәсіпкерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Қазір «Forbes» журналы жыл өткен сайын еліміздегі ең бай адамның жиған-тергенін есептеп, жұртшылық назарына ұсынып келеді. Бизнестен түлеп ұшқан біраз кәсіпкерлердің алды билікке ұмтылып, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып үлгерді. Олардың атын атап, түсін түстеп жатқымыз жоқ. Бізге бизнестің айдынына еркін жүзіп, биліктің айлағына ара-тұра зәкірін тастап тұратын Нұрлан Смағұловтың әрекеттері  қызықты болып тұр. 


Бизнес биігі


СМагулов 01Мамандығы биохимик кәсіпкер мұндай бас айналдырар биіктікке қалай қол жеткізгені көпшілік жете білмеуі мүмкін. Студент кезінен бастап сонау жер түбіндегі Сахалинге сапар шегіп, балық аулаған Нұрлан мырзаның бизнеске ерте бастан араласқаны белгілі. Әскер қатарында болып, азаматтық борышын адал атқарған кәсіпкердің өткен өмірі – бизнеске аңсары ауған талай жасқа үлгі-өнеге болатыны анық. Тоқсаныншы жылдардың басында Смағұлов «Астана Моторс» компаниясын құрып, Қазақстан нарығына сырттан көлік тасымалдап, бизнесін біраз дөңгелетті. Ол кезде елімізде Нұрлан мырзаның жолына тұратындай азулы бәсекелестер де болған жоқ. Кейіпкеріміз қысқа мерзім ішінде көлік саудасымен айналысып, табысты кәсіпкерлердің қатарына қосылды. Әдетте біздер тоқсаныншы жылдары бизнес бастап, миллионер атанған азаматтар жайында аңызға бергісіз әңгімелерді құрастыруға құмармыз. Өз басым сол кезде ісін бастаған кәсіпкерлерді орайлы кезеңінде сәтті пайдаланған жолы болғыш адамдардың қатарына жатқызар едім. Иә, ол кезде саудамен айналысқан әрбір азаматтың айдарынан жел есіп, табысқа кенелгені белгілі. Егер сол кездегі апайтөс кәсіпкерлеріміз кәсібін қазір бастағанда сондай жетістікке жетер ме еді? Мұны көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Жә, бұл мәселеге тереңдеп «Forbes» журналы тізімдеген кәсіпкерлердің «ерен еңбегіне» баға бермей-ақ қоялық. Тіпті, олар біздің бағамыз бен ой-пікірімізге мұқтаж да емес қой.


Қазір қазақ кәсіпкерлері әлеуетті инвесторға айналып үлгерді. Бірақ олардың ел экономикасын көтеруде белсенді әрекетке барғанын байқай алмаудамыз. Қайта байлығы жүздеген миллион долларды құрайтын кәсіпкерлеріміз ғаламдық қаржы  дағдарысын алға тартып, мемлекет қаржылай қолдау күтуге дағдыланып кеткендей... Солардың бірі һәм бірегейі Нұрлан Смағұлов. Қазақстандағы көлік саудасы жайында әңгіме қозғағанда Нұрлан Смағұлов бірден ойға орала кетеді. Қазір оны еліміздегі көлік саудасының королі деп атасақ та болады. Сондықтан көлік мәселесіне қатысты туындағын дау-шарлардың артында Нұрлан мырзаның көлеңкесін байқап қаламыз.




Қазір қазақ кәсіпкерлері әлеуетті инвесторға айналып үлгерді. Бірақ олардың ел экономикасын көтеруде белсенді әрекетке барғанын байқай алмаудамыз. Қайта байлығы жүздеген миллион долларды құрайтын кәсіпкерлеріміз ғаламдық қаржы  дағдарысын алға тартып, мемлекет қаржылай қолдау күтуге дағдыланып кеткендей...



Көлік саудасы үшін күрес


Автоөндірісі кенжелеп қалған Қазақстанда көлік саудасы үлкен табыстың көзі. Бүгінде көлік қарапайым халық үшін байлықтың белгісі емес, күнделікті қажет дүниеге айналған. 2005 жылдары елімізге рулі оң жақтағы көліктер келіп, қарапайым халық Жапонияда құрастырылған сапалы көліктерді тақымдап, мәре-сәре болғаны әлі есімізде. Сол кезде сырт елдерден қымбат көліктерді экспорттап, пайдаға батқан Нұрлан Смағұловқа бұл жайт ұнамағаны анық. Осыдан кейін көлік бизнесінен мол пайда тауып отырған алпауыт кәсіпкерлер құқық қорғау органдарын шаптан түртіп, тізгіні оң жақтағы көліктер еліміздегі жол-көлік қауіпсіздігі саласындағы жағдайды ушықтырып (соған күдігіміз бар) жібергенін айтып, талай адамды күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырғанын ұмыта қойған жоқпыз. Бұдан соң Үкімет ел аумағына рулі оң жақтағы көлікті жеткізуге тыйым салды. Соңынан атқарушы билік халықтың наразылығынан сескеніп, Қазақстан аумағына кіріп қойған рулі оң жақтағы көліктерді елімізде пайдалануға рұқсат берді. Бірақ теріс тізгінді көліктерге әкелуге үзілді-кесілді тыйым салынғаны белгілі. Бірақ шағын кәсіпкерлердің сырттан көлік әкелуі толастағаны анық. Айталық, 2007 жылдың өзінде елімізге сырттан сыры кетсе де, сыны кетпеген 300 мыңға тарта көлік әкелінген екен. Ал дәл осы жылы еліміздегі көлік саудасымен айналысатын ресми сатушылар бар болғаны 34 мың көлік сатыпты. Осылайша олар тағы да қарапайым көлік сатушылармен бәсекеге түсе алмағанын байқаймыз. Еліміз Кедендік одаққа мүше болып, өзге елдермен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынас біраз әлсіреп кетті. Кедендік одақ шеңберіндегі шектеулер ресми диллерлердің мүддесімен сәйкесті.  2007 жылдары Қаскелеңнің іргесіндегі атшаптырым аумақты алып жатқан көлік базары дүниежүзінің әр тарабынан жеткізілген көліктер иін тіресіп тұратын. Кейіннен базар қаңырап бос қалғаны белгілі. Қарапайым халық автосалондардағы жаңа темір тұлпарларды сатып алатын қаржысы болмаған соң, әбден тозығы жеткен «Жигулилер» мен «Москвичтерін» жамап-жасқап айдауға мәжбүр болды. Осылайша қарапайым халықтың көлік саудасымен айналысуына ешқандай мүмкіндік қалмады. Көлік саудасымен аты шыққан Нұрлан Смағұлов осындай қиын кезеңде бірнеше көлікті шетелден әкеліп, отбасын асырап жүрген шағын кәсіпкерлердің араша түсіп, бәсекелестік жағдайда жұмыс істеуге даяр екенін айта алмады.


 

Ресей көліктерінің ағыны

Әдетте халық арыны қатты тау су сияқты ғой. Аз ғана уақыт та тығырықтан шығатын жолды табатыны белгілі. Көлік саудасының қызуы басылған сәтте Украинадағы саяси дағдарыстан кейін экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келген Ресей рубліне девальвация жасауға мәжбүр болды. Көрші елдегі жағдай жібі түзу көлік мінуді армандап жүрген біраз адамның ойын шындыққа айналдырды. Көпшілік жиған-тергенін қалтағы басып, көрші елдің арзан көлігін сатып алуға асықты. Нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде Ресейден жүздеген мың көлікті сатып алдық. Сол сәтте шетелдің су жаңа көліктерін саудалайтын ресми диллерлер Үкіметке көлік саудасының құлағанын айтып, мұңын шақты. Олардың арсында көлік бизнесінің королі Нұрлан Смағұловтың даусы ерекше шықты. Осы ретте көпшілігіміз назар аудармайтын бір жайтты айта кетсек дейміз. Көп жағдайда көлік саудасымен айналысатын ресми диллерлер отандық көлік құрастыру саласының қиын жағдайын алға тартып, көлік саудасына қатысты мәселелерді шешіп алуға дағдыланғанына біраз уақыттың жүзі болды. Бүгінде олар бұл қулықтың уақыты өткенін сезіп, дүниежүзіндегі танымал көлік құрастырушы компаниялармен бірлесіп, шағын біріккен кәсіпорындар құрып, отандық машина құрастыру саласының сойылын соққансып жүр.




Көп жағдайда көлік саудасымен айналысатын ресми диллерлер отандық көлік құрастыру саласының қиын жағдайын алға тартып, көлік саудасына қатысты мәселелерді шешіп алуға дағдыланғанына біраз уақыттың жүзі болды. Бүгінде олар бұл қулықтың уақыты өткенін сезіп, дүниежүзіндегі танымал көлік құрастырушы компаниялармен бірлесіп, шағын біріккен кәсіпорындар құрып, отандық машина құрастыру саласының сойылын соққансып жүр.



НСӨндіріс пен сауданың арасы


Қазақстанда көлік құрастыру өндірісінің маңызы қаншалықты маңызды екенін Нұрлан Смағұлов бәрімізден жақсы біледі. Бірақ кейіпкеріміздің бұл іске өте кеш араласып, бертінде ғана инвестиция салғаны түсініксіз. Кәсібін саудамен бастап, мол табысқа кенелген кәсіпкер соңында өндіріс ошағын құратыны белгілі. Бірақ біздің кәсіпкерлеріміз өндіріс үшін емес, сауда үшін күресуге құмар. Көлік саудасымен айналысатын ресми диллерлер Үкіметке мұңын шағып (мұны енді лоббилық демеске шараң жоқ) қарапайым халықтың арзан көлік сатып алуы үшін арзан несие беруге итермеледі. Бұл жолы халық елімізде құрастырылған (өндіріс деп айтуға әлі ерте) көліктерді сатып алуы тиіс. Несиеге берілетін көліктердің тізіміне көз салған адам 30-дан астам көлік маркаларының барын байқайды. Сонда Қазақстанның кәсіпорындары көліктің көптеген түрін өндіретін деңгейге жеткен бе? Бұл жағы енді бізге түсініксіз.


Егер отандық автодиллерлер шыныменде қазақстандықтардың отандық темір тұлпарларға мініп жүргенін қаласа, қарапайым халық қолжетімді көлік құрастырар еді. Бұл ретте алысқа бармай-ақ іргедегі Өзбекстаннан көп үлгі алуға болады. Олар қарапайым Daewoo Nexia мен Matiz-ын арзан бағаға сатып алып, жүйіткіп жүр. Ал біз болсақ, екінің бірі қолы жетпейтін есік пен төрдей джип құрастыруға құмармыз. Айтпақшы, қазір Өзбекстан дүниежүзінде отандық автоөндірісі дамыған 30 елдің қатарына қосылды. Ал жол талғамайтын көлік құрастырған Қазақстанды бұл тізімнен байқай алмадық.


Утилизация – көлік экспортына қойылған тосқауыл


Бүгінде индустриалды даму бағдарламасына үн қосқан «Астана Моторс» компаниясының қожайыны Нұрлан Смағұлов кәрістермен тізе қосып, шағын жүк көліктері мен арнайы машиналар құрастыруды бастады. Құрастырылған көліктер отандық нарыққа саудалануда. Әзірше Қазақстанда құрастырылған көліктерді Ресейге экспорттаудың орайы келмей тұр. Ресей өзінің автоөндірісін қорғау үшін елге жаңа көліктер жеткізушілерге көліктің утилизациялау құнын қосып жібергені белгілі. Мұндай жағдайда Ресейге экспортталатын жаңа көліктердің құны 20-30 пайызға дейін артып, олардың көліктерімен баға тұрғысынан бәсекелесе алмайды. Бұл мәселені Нұрлан мырза жатпай, тұрмай айтуы тиіс еді. Бірақ біздің диллерлер Ресей билігінің бұл талабының орынсыз екенін батылы барып айта алған жоқ.




Ресей өзінің автоөндірісін қорғау үшін елге жаңа көліктер жеткізушілерге көліктің утилизациялау құнын қосып жібергені белгілі. Мұндай жағдайда Ресейге экспортталатын жаңа көліктердің құны 20-30 пайызға дейін артып, олардың көліктерімен баға тұрғысынан бәсекелесе алмайды. Бұл мәселені Нұрлан мырза жатпай, тұрмай айтуы тиіс еді. Бірақ біздің диллерлер Ресей билігінің бұл талабының орынсыз екенін батылы барып айта алған жоқ.



Айналып келіп, халықтың қалтасын қағып, мемлекеттен көмек алуға құмар. Бұл бағытта Нұрлан мырза зор тәжірибе жинағаны анық. Осыдан біршама уақыт бұрын Нұрлан Смағұлов «Мега» сауда орталығын салу үшін мемлекеттен қыруар көмекқаржы алғаны әшкере болып қалған еді. Отандық өндіріс шатқаяқтап тұрғанда әр қалада ойын-сауық орталығын ашу мемлекетіміз үшін тиімсіз екені белгілі. Амал не, атағы жер жарған кәсіпкерлер индустриалды бағдарламаны алға тартып, мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болуға құмар. Егер әрбір кәсіпкер өз саласы үшін осындай әрекетке бара беретін болса, отандық өндірістің бойына ешуақытта қан жүрмейтіні анық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлермен кездесуінде макарон цехын ашып, инновациямен айналыстық деген кәсіпкерлерге шектеу қою керектігін ескерткен еді. Көлік саудасына бақылау жасауға ұмтылған автодиллерлерге қазір Елбасының қабақ түйіп, қатты айтқаны қажет болып жүр.


мега

Нұрлан ЖҰМАХАН

Рекомендовать
Последние новости