Су көлігін жүргізуші мамандар үлкен өмірге жолдама алды

Dalanews 17 июл. 2017 03:38 848

Таяуда Қазақ-британ техникалық университеті жанынан құрылған Қазақстан теңіз академиясының түлектері өздері көптен күткен дипломдарына қол жеткізіп, үлкен өмірге жолдама алды. Осы ретте Қазақстан теңіз академиясын екінші толқын түлектері бітіріп отырғанын айта кетуіміз керек.

Қазақстан алып танкерлермен, түрлі кемелерді жүргізетін және су көліктерінің жан-жақты қызмет көрсететін заман талабына сай инженер-механик мамандарды даярлау ісін 2012 жылы " Теңізшевройл" компаниясы қолға алып, демеушілік танытқан болатын. Міне, содан бері Қазақстан теңіз академиясы жан-жақты жұмыс істеп, су көлігін ауыздықтайтын мамандарды даярлап келеді.



Академия ұстаздарының айтуынша, қазір теңізшілерді дайындап шығаратын бұл мекеме халықаралық теңіз ұйы­мының White list тізіміне енуді жоспарлап отыр. Егер академия сол тізімге енсе, онда оның түлектерін бүкіл әлем бойын­ша мойындайтын болады.

– Әзірге түлектеріміз халықаралық дәрежедегі дипломды алу үшін Оман Сұлтанатына барып оқиды. Өткен жылы Теңіз академиясының 15 түлегі Оман Сұлтанатында халықаралық талаптарға сай сертификаттан өтіп, кәсіби теңізші дипломын алды, – дейді академияның инженерия пәнінің аға оқытушысы Абылай Лекеров.

Өз ісін жетік меңгерген мұғалімдерден бөлек, студенттердің толыққанды маман болып қалыптасуы үшін Қазақстан теңіз академиясының базасы соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Мұнда олар пневматика, гидравлика, электроме­ханика, жоғары кернеу және тоңазытқыш қондырғы зертханалары арқылы теория жүзінде алған білімдерін тәжірибемен шыңдайды. Сонымен бірге, шеберханада «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен алынған кемелерде жұмыс істеген қозғалтқыштар мен көмекші құрылғылар да бар.

«Теңізшевройл» компаниясы бас директорының орынбасары Мұрат Мұқашев салтанатты рәсімде түлектерге ақ жол тіледі.

– «Теңізшевройл» кәсіпорны серіктестеріміздің қолдауымен Қазақстан теңіз академиясының ашылуына өз үлесін қосқанын мақтан тұтады. Биыл диплом алып отырған 18 кадет теңіз тасымалы саласында халықаралық дәрежеде мойындалған қазақстандық маман болатынына сенеміз, – деді ол.

Болашақта аталымыш академияның тәмамдаған кадеттер еліміздің су көлігі жолдарын дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтыны анық.

ҚТА құру алғышарты еліміздің стратегиялық дамуымен тікелей байланысты. Өйткені бүгінде Қазақстан мұнай мен басқа да өнімдерді Каспий теңізі арқылы өзге елдерге тасымалдауда. Мұндай жағдайда мамандарымыз бен флотымыздың болуы маңызды.

Сондықтан Қазақстанның барлық салады қуатты көлік-логистикасын құруы ел экономикасының үлкен сеніммен алға жылжуына кепілдік беретіні белгілі.

Қазақстан теңіз академиясының мақсаты қарапайым – халықаралық деңгейде мойындалған, Қазақстан мен одан тысқары жерлерде тасымалдау саласында көшбасшы, қазіргі таңда және болашақта күрделі мақсаттарды шешуге мүмкіндік беретін командалық құрамдағы біліктілігі жоғары қазақстандық мамандарды дайындау болып табылады.

Қазақстан теңіз академиясын құру бойынша жоба Қазақстан азаматтарын дәстүрлі мұнай-газ секторынан тыс жұмыспен қамтуға бағытталған Үкіметтің мақсаттарын шешуге септігін тиізеді.



Бұл жоба Қазақстанның әлемдегі ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді. Себебі теңіз академиясын бітірушілер қазақстандық әрі әлемнің кез келген еліндегі шетелдік кемелерде, халықаралық теңіздер, мұхиттар мен құрлықта да жұмыс істеуге қабілетке ие. Онымен қоса, түлектер кемежасау, кеме жалдау, теңіз құқығы, кемежасауды басқару, кемелерді жөндеу мен техникалық қамтамасыз ету салаларымен қатар электрмен жабдықтау сияқты қосымша салаларда да ауқымы кең кәсіби міндеттерді атқара алады. ҚБТУ білікті мамандарды даярлау жолында Нидерландияның STC-Group компаниясымен бірлесіп жұмысы істеп келеді. Аталмыш компания теңіз саласында білім және кеңес беру қызметі нарығындағы көшбасшы болып табылады. Бүгінде STC-Group компаниясының Оңтүстік Африка, Оман сұлтандығы, Филиппин, Бразилия және Индонезия сияқты елдерде филиалдары мен өкілдіктері бар.



 

Нұрлан Жұмахан

Рекомендовать
Последние новости