Созақ ауданында ерекше мұражай бар

Dalanews 08 дек. 2018 07:06 1174

Созақ ауданының тұрғыны Махажан Оспанов мектеп ішінен өлкетану мұражайын жасақтады.

Шағын ғана музейде қазірдің өзінде 1700-ден астам жәдігер бар. Баба ата ауылындағы бұл экспонаттарды көруге шетелдіктер де ынтық.

Бұл шағын мұражайда көненің көзі болған түрлі заттарды кездестіруге болады. Тіпті 10-12 ғасырға тән диірмен тастар да осында. Сыры кетсе де сыны кетпеген асыл қазыналарды мектеп шәкірттері сабақ барысында да пайдаланады.

Махажан Оспанов Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Ұстаз «мұражайды шәкірттерім үшін аштым», – дейді.

Себебі тарихта кездесетін жәдігерлерді оқушылар көзбен көріп, қолмен ұстап білуі тиіс. Сонда ғана сабақ мазмұнды әрі қызықты өтеді.

«Балалардың да пәнге деген қызығушылығы артады», – дейді мұғалім.

Махажан Оспанов, өлкетану мұражайының жетекшісі: - Тұрған жеріміз – тарихи жер. Біз мұны білуіміз керек. Жерімізді, елімізді, суымызды білуіміз керек. Сол үшін жиналған нәрсе. Жәдігерлер бар, дегенмен әлі түгел жиналған жоқ.

Шағын мұражайда 1700-ден астам экспонат қойылған. Барлық заттарды оқушылар өздері үйінен алып келіп тарту еткен. «Кейбір құнды жәдігерлерді сатып алуға да тура келді», – дейді білім ұясының басшылығы.

Ендігі жерде музейді Баба ата ауылының орталығынан кең етіп ашу ойда бар.

Тек бұған қажетті ғимаратты аудан басшылары шешіп берсе болғаны.

Қарабек Парманқұлов, М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры: - Мақсатымыз – мұражайға дүниені жинақтап қою ғана емес, бұл мұражайды ары қарай дамыту. Бұдан да үлкен, мемлекеттік деңгейде көрсететіндей құнды дүниелерді жинақтауымыз керек.

Сырлы Созақ өңірі – рухани құндылықтарға бай өлке. Мұражай тіпті бір кездері шетелдік меймандарды да қызықтырыпты. Мұнда келушілердің саны жылдан-жылға артпаса, кеміген емес.

Рекомендовать
Последние новости