Соңғы үш жылда Қытайға экспортталатын бидай көлемі алты есеге артқан

Кәмшат Тілеухан 27 сент. 2024 16:26 3260

Соңғы үш жылда Қазақстаннан ҚХР-ға астық жүктерінің экспорты 5,7 есе өскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының деректері бойынша, 2024 жылдың басынан бастап астықпен 582 маршруттық пойыз құрылып, 551 экспресс-пойыз астық жүктері Қытайға, Түркменстанға, Иранға, Ресейге, Өзбекстанға жөнелтілді. Ел бойынша астық жүктерін маршруттық жөнелтілімдермен тасымалдау үшін 31 құрам ұйымдастырылды.

"2024 жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша астықтың теміржол тасымалы 5,4 млн тоннадан асты, оның ішінде 4,2 млн тонна экспортталды. Сондай-ақ 2,3 млн тонна астық өңдеу өнімдері тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,4%-ға артық. Қайта өңдеу өнімдерінің экспорты 20%-ға 1,8 млн тоннаға дейін, ал ішкі тасымалдар 9%-ға 500 мың тоннаға дейін өсті", деп хабарлайды ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі 27 қыркүйекте.

2024 жылдың қыркүйегінде Ақтау порты арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау үш есеге, яғни 90 мың тоннаға дейін ұлғайды. Ал қазан айында 212 мың тонна тасымалдау жоспарланып отыр екен.

Дәстүрлі түрде қазақстандық астық пен оны қайта өңдеу өнімдері үшін негізгі өткізу нарықтары Орталық Азия, Ауғанстан, Иран және Қытай елдері болып қала береді.

ҚР АҚШ мәліметінше, бүгінгі таңда негізгі дәнді дақылдар бойынша 12,6 млн гектардан астам дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Орташа өнімділігі 14,7 ц/га болған кезде 18,5 млн тоннадан астам астық бастырылды.

Айта кетсек, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 580 млрд теңгені құрады, бұл - өткен жылдармен салыстырғанда 3 есе көп көлем.


Рекомендовать
Последние новости