Соңғы рейс...

Жарбол Кентұлы 27 дек. 2024 12:15 688

Желтоқсанның 25-і күні Ақтауда Azerbaijan Airlines компаниясының рейсі кезінде ұшақ апатынан қаза тапқандар саны 38 адамға жеткен. Өкінішке орай борттағы алты қазақстандықтың ешқайсысы аман қалмады. Қаза болған Қазақстан азаматтарының арасында Маңғыстау облысының екі мұнайшысы Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесінов бар. Олар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін кәсіподақтардың мүшелері болды. Ертең мұнайшыларды ақтық сапарға шығарып салады.

Бауыржан Жұмағұлов 39 жаста, соңғы 16 жылда «ӨзенМұнайСервис» ЖШС мұнай сервисінде жұмыс істеген. Ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадасының 4-разрядты бұрғылаушы көмекшісі өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын, әріптестеріне әрдайым көмекке келетін, достық қарым-қатынасты жақсы білетін жан болған. Кәсіпорынның кәсіподақ комитеті атап өткендей, Бауыржан Жұмағұлов кәсіподақтың жігерлі, белсенді мүшесі еді. Оның үлесінің арқасында кәсіпорында Жас мамандар кеңесі құрылды. Бауыржан Жұмағұлов адал жар, алты баланың әкесі, балаларын отансүйгіштікке, туған жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеген.

YNTYMAQ салалық кәсіподақ ұйымы Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақта кәсіподақ комитетінің мүшесі, «Өзенмұнайгаз» АҚ мердігер ұйымы -«МұнайФилдСервис» ЖШС механика-энергетика бөлімінің инженері Сәндібек Төлесіновтың болғанына әлі де сене алмай отыр.

36 жастағы Сәндібек Төлесінов те 16 жылдық өмірін еліміздің мұнай саласын дамытуға арнады. Ол бұрғылау қондырғысындағы жабдықты жоғары деңгейде меңгерген кәсіби маман еді. Әріптестер оны ар-ожданы мол, ісін жетік білетін адал жігіт деп сипаттайды. Артында анасы, жұбайы және төрт баласы қалды.

Бауыржан Жұмағұлов пен Сәндібек Төлесінов жақсы дос болған. Достар демалыстарын көрші Ресейге баруды ұйғарып, жаңа жылдық мерекелерге дейін үйлеріне қайтуды жоспарлаған.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин марқұм мұнайшылардың отбасы мен жақындарына көңіл айту хатын жолдады. Қайтыс болған кәсіподақ мүшелерінің туыстарына материалдық және моральдық қолдау көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы

 


Рекомендовать
Последние новости
Соңғы рейс...
27 дек. 2024 12:15