Соңғы екі жылда 500-ге ға тарта жас ғалым баспаналы болды

Сағыныш Сардарова 01 июн. 2024 11:24 3537

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше қазақ ғылымының қара шаңырағы - Ғылым ордасында ғалымдармен кездесті. Президент бүгінгі заман ғылым мен білімнің заманы екеніне тоқталып, "Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ" деп нақты міндет қойды.

Ғылым - қай-қай елдің де қозғаушы күші. Ғылымды дамыту үшін ғалымдарға жағдай жасалуы қажет. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев "Біз ғалымдарға жағдай жасау керек деп жиі айтамыз. Бұл – құр сөз емес" деді. Расында да, қазақ руханиятының, қазақ білім-ғылымының қаймақтары жиналған алқалы кездесудің соңында жас ғалымдар баспаналы болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы кездесуде академик Қаныш Сәтбаевтың өмір жолынан мысал келтірді. Ғалым 25-30 жас шамасында қазақ ғылымы үшін теңдесіз жаңалықтар ашқан. Президент жастар арасынан да Шоқан, Абай, Әлихан, Ахмет, Қаныш секілді зиялылар шығатынына сенім білдіріп, ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету қашан да маңызды, өзекті болып қала беретінін жеткізді.

Бүгінде мемлекет ғалымдарды қолдау үшін нақты шараларды жүзеге асырып жатыр. Президент өз сөзінде алдағы екі жылда жас ғалымдардың зерттеуіне бөлінетін грант саны тағы да көбейетінін мәлімдеді. Бұған бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінбек.

Ал ең бастысы ғалымдар тек ғылыми бағытпен айналысып, табыстарға жетуі үшін мемлекет баспана мәселесін де шешіп беріп отыр.

"Былтыр 284 жас ғалым баспана алды. Биыл менің тапсырмаммен оларға тағы 200 пәтер берілетін болды. Осындай нақты шаралар арқылы еліміздегі ғылымды және жалпы ғалымдар қауымын қолдау жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады", - деді Мемлекет басшысы.

Шара соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның түрлі саласында еселі еңбек етіп жүрген бірнеше азаматқа салтанатты түрде пәтер сертфикаттарын табыстады.

Бұл тізімде мына ғалымдар бар:

  1. Абилдина Айназ Қайратқызы – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры;
  2. Молдамұратов Жанғазы Нұржанұлы – Халықаралық білім беру корпорациясының жалпы құрылыс факультетінің деканы;
  3. Әлия Темірхан – Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғылыми қызметкері;
  4. Құрманов Ерғали Бержігітұлы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті;
  5. Жанұзақ Рамазан Жақсыбайұлы – Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының зертхана меңгерушісі;
  6. Омарова Жансая Бағдатқызы – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің аға оқытушысы;
  7. Бакранов Нұрлан Болатұлы – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының бас қызметкері;
  8. Құлтаева Шынар Мәлікқызы – Халықаралық білім беру корпорациясының қауымдастырылған профессоры;
  9. Байжұма Сәмет – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы.
  10. Әділхан Бауыржан Нүкербекұлы – Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының лаборатория меңгерушісі.

Кездесуде баспаналы болған ғалымдардың бірі - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ерғали Құрманов. Ол бүгінде ҚазҰУ-да физика және астрономия саласында ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады.

Ғалым ел Президентіне шынайы алғысын білдірді.

"Мен үшін қуанышты жаңалық. Өйткені жастардың, соның ішінде жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайы жақсарып жатыр. Өте қуаныштымын. Әлі сеніп тұрған жоқпын. Бізге одан әрі жақсы жұмыс жасауға мотивация. Тек өзіміздің жұмысымызды ойлап, артық ештеңе ойламай, жұмысқа ғана көңіл бөлетіндей жағдай жасалып жатыр. 

Өзімнің зерттеу облысым - физика және астрономия. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына, қолдау көрсеткен әріптестеріме және ата-анама алғысымды білдіремін", - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ерғали Құрманов.

Президент қолынан пәтер сертификатын алғандардың бірі - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің оқытушысы Сәмет Байжұма. Ол ғылымдағы еңбек жолын ҚазҰУ-дағы "Әл-Фараби" орталығында ғылыми қызметкер болып бастаған. Сонымен қатар, жас ғалым - көпбалалы әке.

"Мемлекет басшысының Қазақстанның жас ғалымдарымен кездесуі шарасы аясында пәтерге қолымыз жетіп жатыр. Бұл өз кезегінде біздің жас ғалымдардың ғылыммен еш алаңсыз айналысуына жасалған үлкен бір қолдау деп білеміз. Жас ғалымдардың әлеуеті, сондай-ақ,олардың әлеуметтік жағдайы қарастырылған. Өз басымды алатын болсам, бес баланың әкесімін. Жас ғалымдардың арасында конкурстан өтіп, осындай үлкен қуанышқа ие болып жатқаныма өте қуаныштымын", - деді Сәмет Байжұма.


Рекомендовать
Последние новости