“Сол күйі пәтер берілмеді”. Перизат Қайрат астаналық әйелге берген уәдесін орындамаған

Қаракөз Амантай 18 нояб. 2024 13:35 1891

Biz Birgemiz қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тағы бір деректің шеті шықты. Екі жыл бұрын аталмыш қор астаналық тұрғын Әсел Омароваға пәтер табысталатынын ресми түрде мәлімдеген екен. Алайда берілген уәде әлі күнге дейін орындалмаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жағдайды Әсел Омарова Stan.kz агенттігіне баяндап берді.

2 жыл бұрын бес айлық сәбиімен көлік жүргізушісі болып қызмет атқарған астаналық әйел көпшіліктің қызу талқысына түскен еді. Ал қазақстандықтар оны қолдау мақсатында  бірауыздан 1,7 миллион теңге жинап береді.

Осы жағдайдан соң әйелмен Перизат Қайрат байланысқа шығып, үйіне барған. Сол кезде оның отбасына пәтер сыйлауға уәде еткен, тіпті көптің алдында сертификатты ресми түрде табыстаған. Бірақ сол күйі үй берілмеген.

“Жамандыққа қимаймын, дегенмен “барды бар, жоқты жоқ” деп айтар сәт келгендей. 2022 жылы қарашада Перизат үйіме келіп, “үй табыстаймыз” деп айтып кеткен еді. Кейін Жаңа жылдық мерекеге орай үлкен галаконцерт болып, сол жерде сертификат ұстатқан. Бірақ үй берілмеді”, – деді астаналық Әсел Омарова Stan.kz агенттігіне.

Әсел Омароваға белгілі бір тұрғын үй комплексінен үй беріледі деп айтылған. Бірақ кейін хабарсыз кетті дейді. Айтуынша, өзі хабарласқан кезде “күнде ертең” деп түрлі сылтаумен Әселді ұзақ күттіріп қойған.

“Үміт деген қиын екен, “әне, міне беріп қалар” деп күтіп жүр едім. Соңғы рет 4-5 ай бұрын хабарластық, сол кезде “1-2 айдан соң беріледі” деді. Бірақ қайтадан үнсіз қалды”, – деді ол.

Әсел балаларымен әлі де пәтер жалдап тұрады.

Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.


Рекомендовать
Последние новости