Ресей президенті Владимир Путин Украин халқы мен ресейліктердің қаза табуына өзін жауапты деп санамайды. Бұл туралы ол америкалық NBC телеарнасының тілшісінің сұрағына жауап беру барысында айтты, деп хабарлады Dalanews.kz
BBC-дің орыс қызметінің тілшісі Дональд Трамптың Украинаға қатысты жоспарына және соғыстағы жауапкершілік мәселесіне тоқталып, Путин 2026 жылы да адам өлімі үшін өзін жауапты сезіне ме деп сұрады.
«Біз адам өліміне өзімізді жауапты санамаймыз, өйткені соғысты біз бастаған жоқпыз», – деді Владимир Путин.
Ол 2014 жылы Украинада «антиконституциялық төңкеріс болды» деген ұстанымын тағы қайталады.
Ресей басшысының айтуынша, 2022 жылдың ақпанында Кремль қарулы күштерді қолдануға «мәжбүр болған», себебі бұл қақтығыс Киев тарапынан, Батыстың қолдауымен басталған. Путин осы нұсқасын қайтадан еске салды.
Сонымен қатар, Путин Дональд Трамптың қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге «шынайы әрі байыпты күш салып жатқанын» айтты. Оның сөзінше, тамыз айында Анкориджде өткен саммитте тараптар Трамптың ұсыныстарын «негізінен келісіп қойған».
«Біз қандай да бір ұсыныстардан бас тартып отырмыз деу – шындыққа жанаспайды», – деді Путин.
Оның айтуынша, бұл шешімдер Ресей үшін оңай емес, дегенмен ұсынылған ымыраға келіскен.
Ресей президенті қақтығысты реттеу мәселесіндегі жауапкершілік «толықтай Украина мен оның еуропалық одақтастарының тарапында» деп санайды. Сонымен бірге ол Ресейдің келіссөздерге де, қақтығысты бейбіт жолмен аяқтауға да дайын екенін мәлімдеді.
