Қазақстан-Словения басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін президенттер құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық жайында да пікір алмасты.
– Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Словенияның Йожеф Стефан институты Назарбаев университетімен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді талқылап, ұстанымдарының ортақ екенін жеткізді.
– Қазіргі геосаяси жағдай өте күрделі. Президент Пирц-Мусар екеуіміз әлемдегі қақтығыстарды Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысы мен халықаралық құқық қағидаттарына сай бейбіт жолмен шешу қажет екенін құптадық. Көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастықты одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық орталығын ашу туралы бастаманы қолдаған Словения тарапына ризашылығымды білдіремін. Жалпы бүгінгі келіссөздер жемісті болды деп күмәнсіз айтуға болады. Осы сапардың нәтижесінде қазақ-словен ықпалдастығы нығайып, жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында біз ортақ мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.