Сыртқы берешек 32 трлн теңгені құрады. Қаржы министрі алаңдауға еш негіз жоқ дейді

Көркем Алдабергенова 20 июн. 2025 09:17

Мемлекеттік қарызды қайтару ел бюджеті мен қаржы жүйесіне айтарлықтай салмақ салып отыр. Қазір сыртқы берешек 32 триллион теңге шамасында. Соған қарамастан қаржы министрі алаңдауға еш негіз жоқ деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Халықаралық сарапшылардың айтуынша, бұл жоғары деңгей емес, оны басқаруға болады. Мемлекеттік қарыз өсіп жатыр, оны өтеуге де қомақты қаражат кетіп жатыр. Бірақ қазір барлығы біздің белгіленген лимит аясында. 2024-2025 жылдары бұрынғы облигация бойынша қарызды қайтарудың шарықтау кезеңі. Кейін мемлекеттік қарыздың деңгейі тұрақталады. Оны азайту үшін бірқатар шара қабылданып жатыр", дейді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Министр жаңа салық кодексі арқылы табысты арттырып, бюджет тапшылығын азайтамыз деген уәж айтқанымен, сенаторлар бұған келіспейді. Дәпутаттарды, әсіресе, қарыздың көлемі мен оған жұмсалып жатқан шығын алаңдатып отыр. Былтыр мемлекеттік қарызды өтеу мен оған қызмет көрсетуге 5 жарым триллион теңге жұмсалған екен. Осының бәрін ескере келе, қазіргі жағдайды қалыпты деп бағалау орынсыз дейді Сенат төрағасы.

"Сіз бәрі шектеулер аясында, бәрі дұрыс дейсіз, бірақ біз бюджетті көріп отырмыз. Бюджеттің нақты кірісінің 42 пайызы осы қарызға бағытталған. Оның тең жартысы — тек пайызын төлеуге кеткен қаражат. Бұл көрсеткіш бізге неге бұлай болып жатқанын, қалай басқару керек екенін тереңірек талдауға негіз болуы керек", дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Рекомендовать
Последние новости