СІМ тәліптердің Қазақстанға шақыртылуына байланысты түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 29 февр. 2024 13:09 1928

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко биыл Астанада өтетін халықаралық форумға "Талибан" өкілдерінің шақырылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенат отырысында Василенко журналистерге Талибан сауда министрлігі басшысының міндетін атқарушы Нуреддин Азизидің келгенін растады.

"Расымен де ол биыл 13-14 маусымында елордамызда өтетін халықаралық "Астана" форумында төбе көрсетеді. Бұл мырза БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің санкциясына ұшырамаған", - деді министрдің орынбасары.

Роман Василенконың айтуынша, Нуреддин Азизи бұған дейін Қазақстанда өткен бизнес-форумға да қатысқан.

"Осы мырза өткен жылдың тамыз айында Астанада өткен бизнес-форумға Ауғанстанның қазіргі үкіметінің 200 өкілі мен осы елдің кәсіпкерлерінен құралған сауда миссиясының басында Қазақстанға келді. Яғни бұл адамдар осы жерде болды. Жасыратыны жоқ, НАТО күштері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін және тәліптер билікке қайтып оралғалы халықаралық қауымдастық Ауғанстанның осы де-факто үкіметімен өзара әрекеттесу механизмін іздеуге тырысуда", - деп қосты Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Роман Василенко атап өткендей, қазіргі уақытта тәліптерді халықаралық қауымдастық, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі әлі мойындаған жоқ.

"Алайда бұл ел (Ауғанстан – шамамен) біздің аймақтық көршіміз, сондықтан аймақтағы көптеген ел, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, тек Қазақстан ғана емес, Қытай, Ресей, Пәкістан және басқа да мемлекеттер онымен қарым-қатынас орнатуда", - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстан "Талибанды" елде тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарды.


Рекомендовать
Последние новости